Дәрі сатып аларда нені ескеру керек: Денсаулық сақтау министрлігінің кеңесі
Дәрілік затты сатып алар алдында бірнеше негізгі мәселеге назар аудару қажет, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, препарат Қазақстанда тіркелген болуы, қаптамасы бүтін, жарамдылық мерзімі өтіп кетпеген және сақтау шарттары белгіленген талаптарға сәйкес болуы тиіс.

Сондай-ақ қаптамадан препараттың атауын, дозасын, дәрілік түрін және таңбалануын тексеру қажет. Медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулық қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді болуы тиіс.

«Дәрілік заттың тіркелгенін Мемлекеттік дәрілік заттар тізілімі — register.ndda.kz арқылы тексеруге болады. Препараттың түпнұсқалығын және оның таңбалау жүйесіндегі мәртебесін DariKz және Naqty Onim қосымшалары арқылы қосымша тексеруге болады», - делінген хабарламада.

Дәрілік заттарды тек оларды сатуға құқығы бар дәріханалардан және басқа да тиісті орындардан сатып алу ұсынылады. Әлеуметтік желілер, хабарландырулар және белгісіз интернет-сайттар арқылы дәрі-дәрмек сатып алғанда аса сақ болған жөн.

