Астанада Ақжан әл-Машанидің 120 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Астанада көрнекті ғалым, фарабитанудың негізін қалаушы Ақжан әл-Машанидің туғанына 120 жыл толуына орай «Шығыстану мен жаратылыстану тоғысындағы Ақжан әл-Машани ілімі және қазіргі ғылым» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Іс-шараны Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің тарих факультетіне қарасты Қазақстан тарихы кафедрасымен бірлесіп ұйымдастырды.
Конференцияның ашылуында Қазақстан Республикасының Вице-президенті Ерлан Қариннің құттықтау хаты оқылды.
Жиынға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, Қазақстан, Иран, Түркия, Франция, Сирия және Өзбекстан ғалымдары қатысты.
Конференцияда Ақжан әл-Машанидің ғылыми мұрасының бүгінгі ғылым үшін маңызы сөз болды. Қатысушылар әл-Фараби еңбектерін зерттеу, шығыс қолжазбаларын сақтау мен ғылыми айналымға енгізу, пәнаралық зерттеулерді дамыту және жасанды интеллект технологияларын қолдану жөнінде пікір алмасты.
Халықаралық конференция аясында тарих ғылымдарының докторы, профессор Задаш Оразғалиқызы Дүкенбаеваның жеке қоры ашылды. Бұдан бөлек, «Ақжан әл-Машани мұрасы: қолжазбалар мен ғылыми еңбектер шежіресі» атты көрме көпшілікке ұсынылды.
Сонымен қатар ғалымның өмір жолы, ғылыми қызметі, әл-Фараби мұрасын зерттеуге қосқан үлесі туралы «Ғылыммен көмкерілген ғұмыр» және «Тұлға. Ғалым. Ойшыл» атты басылымдардың таныстырылымы өтті.
Конференция отандық және шетелдік ғалымдардың кәсіби тәжірибе алмасуға, ғылыми байланыстарды нығайтуға және Ақжан әл-Машанидің құнды мұрасын жас ұрпаққа кеңінен танытуға мүмкіндік берді.