Маңғыстаудағы әскери қызметшілердің қазасы: үкіметтік комиссия құрылды
Премьер-министрдің өкімімен Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығулар өткізу барысында әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Комиссия құрамына қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау, Көлік министрліктерінің басшылығы, Бас әскери прокурор, сондай-ақ шекара қызметінің өкілдері кірді.
«Премьер-министр Олжас Бектенов Комиссия төрағасы Қанат Бозымбаевқа оқиға орнына шұғыл барып, әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеруді қамтамасыз ету және қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсету шараларын қабылдауды тапсырды», - деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Еске салсақ, Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапты. Ақпаратқа сәйкес, бүгін Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы барысында Каспий теңізінің жағалауында ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюіне байланысты әскери қызметшілерді теңіз ағызып кеткен. Алдын ала мәлімет бойынша теңізге 19 әскери қызметші кеткен. Олардың 9-ы қаза тапты. Үш әскери қызметші құтқарылды, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалған әскери қызметшілерді іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.