Олжас Бектенов елді мекендерден тыс трассалардағы қауіпсіздікті күшейтуді тапсырды
Үкімет отырысында мемлекеттік органдарға елді мекендерден тыс трассалардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Жан түршігерлік апаттардың басым бөлігі елді мекендерден тыс трассаларда орын алатыны атап өтілді. Автомобиль жолдарының көпшілігі ескі стандарттар бойынша салынған.
Олар екі жолақты, ені шамамен 7 метрді құрайды. Көптеген учаскелерде тиісті жол инфрақұрылымы жоқ. Жүргізушілер сапасыз жолдарға, жарықтың нашарлығына және навигация мәселелеріне шағымданады. Бұл жол қауіпсіздігі деңгейіне айтарлықтай әсер етеді. Анықталған ақауларды жою жұмыстарының қарқыны баяу, уақтылы жөнделмейді.
«Көлік министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, елді мекендерден тыс автожолдардың қолданыстағы жол-көлік инфрақұрылымын жетілдіру бойынша кешенді шаралар қабылдауды тапсырамын. Жолдарды салу мен жөндеу кезінде стандарттардың қатаң сақталуына бақылауды күшейту керек. Бұдан бөлек, негізгі автомобиль жолдарындағы орташа жылдамдықты бақылау желісін кеңейтіп, визуалды бағдар беретін лазерлік жүйелерді орнатуды кеңейту қажет.
Ішкі істер министрлігі елді мекендерден тыс күре жолдардың ең қауіпті учаскелерін патрульдеу ауқымын арттырсын. Әкімдіктер, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар және Көлік министрліктері еліміздің автомобиль жолдарында техникалардың, жабдықтардың және жылыту пункттерінің қысқы кезеңге дайындығын қамтамасыз етсін. Жасанды интеллект министрлігі елді мекендерден тыс автожолдарды мобильді байланыспен қамту жұмыстарын жеделдетуі қажет», - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сонымен қатар жол үстінде жануарларды қағып кету – өзекті мәселелердің бірі. Жыл басынан бері осындай 200-ден астам жағдай тіркелді.
«Әкімдіктерге жол маңында мал жаю мәселесі бойынша мал иелерімен жұмысты күшейтуді тапсырамын. Көлік және Ішкі істер министрліктері Павлодар облысының жол бойында қоршау торларын орнату тәжірибесін қолдану мүмкіндігін қарастыруы қажет», - деді Премьер-министр.
Еске сала кетейік, Астанада жол-көлік оқиғаларының саны 30 пайызға қысқарды.