Нұрайнаш Камалова: Әрбір ауланы абаттандырудың артында елге деген жанашырлық жатыр

22 қыркүйек, 2026
Ернұр Сағымбек Ернұр Сағымбек
Нұрайнаш Камалова: Әрбір ауланы абаттандырудың артында елге деген жанашырлық жатыр
Фото: ЖСДП партиясының баспасөз қызметінен

«Таза Қазақстан» бастамасы қоршаған ортаны абаттандырумен ғана шектелмей, қоғамдағы тазалық мәдениеті мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тазалық ұғымының кең мағынасына тоқталып, оның ой мен ниет тазалығынан басталатынын атап өткен еді. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Құрылтай депутаты Нұрайнаш Камалова бастаманың елдің болашағы үшін маңыздылығын атады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Таза Қазақстан» – қоршаған ортаны абаттандырудан әлдеқайда ауқымды, елдің болашағына бағытталған маңызды бастама. Президент өз сөзінде тазалық ұғымын адамның ойы мен ниетінен бастап, қоғамдық мәдениет пен мемлекеттік жауапкершілікке дейін кең мағынада қарастыру қажет екенін баса айтты. Шын мәнінде, таза қала, таза ел мен жайлы орта өздігінен қалыптаспайды. Оның артында мыңдаған адамның еңбегі мен жауапкершілігі тұр.

Сондықтан әрбір тал егудің, әрбір ауланы абаттандырудың және қоғамдық тәртіпті сақтаудың артында елге деген жанашырлық жатыр. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, біз имидж үшін емес, ең алдымен өз азаматтарымыздың жайлы әрі қауіпсіз өмірі үшін жұмыс істеуіміз керек», – деді Нұрайнаш Камалова.

Депутаттың айтуынша, бұл бағытта жастар мен еріктілердің белсенділігі ерекше маңызға ие. Оның пікірінше, елдің қуатты әрі өркениетті мемлекет ретінде қалыптасуы әр азаматтың өз орнында адал еңбек етіп, туған жеріне қамқорлық жасауынан басталады.

«Бұл ретте жастар мен еріктілердің белсенділігі ерекше маңызға ие деп ойлаймын. Қазақстанның қуатты әрі өркениетті ел болуы үшін әрқайсымыз өз орнымызда адал еңбек етіп, туған жерімізге қамқор болуымыз керек», – деді ол.