Ішкі істер министрлігі ата-аналар мен балаларға маңызды үндеу жасады

Ішкі істер министрлігі ата-аналар мен балаларға маңызды үндеу жасады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Ішкі істер министрлігі балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігіне ерекше назар аудара отырып, маңызды үндеу жасады, деп хабарлайды Elordainfo.kz polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Кейде қарапайым көрінген бұзықтық немесе ойланбай жасалған әрекет бірнеше секунд ішінде үлкен қайғыға әкелуі мүмкін. «Жүгіріп өтіп үлгеремін», «Мен тек қорқытқым келді», «Ол маған тиісті, мен де жауап беруім керек» деген сияқты ойлардың соңы ауыр жағдайларға ұласуы ықтимал.

Мұндай сәттерде адам көбіне әрекетінің салдарын ойлап үлгермейді. Алайда көлік бірден тоқтай алмайды. Қарапайым жанжал төбелеске айналуы мүмкін. Ал қолына кездейсоқ алынған заттың өзі басқа адамға ауыр жарақат келтіруі ықтимал. Мұндай жағдай болғаннан кейін уақытты кері қайтарып, болған оқиғаны өзгерту мүмкін емес.

ІІМ балаларға мықтылықтың мәні өзіне қауіп төндіруде, біреу ұрса, жауап ретінде ұруда немесе өзінікін кез келген жолмен дәлелдеуде емес екенін түсіндіреді.  

Нағыз мықтылық – дер кезінде тоқтай білу, қажет болса, шегіне білу және арандатуға ермеу. Біреу әдейі ашуға тиген жағдайда да сабыр сақтап, «Мұның соңы не болады?» деп ойланған маңызды.

Полиция ата-аналарды балаларымен осындай жағдайлар туралы жиі сөйлесуге шақырады. Оларға тек «болмайды» деп тыйым салумен шектелмей, белгілі бір әрекеттің неге қауіпті екенін және оның қандай салдарға әкелуі мүмкін екенін түсіндіру қажет.

«Балаларды ашуға берілмей, алдымен ойланып, содан кейін әрекет етуге үйрету маңызды. Қандай да бір қиындық туындаған жағдайда көмек сұраудан қорықпау, мәселені жасырмай, дер кезінде үлкендерге немесе тиісті қызметтерге жүгіну қажет.

Кейде бірнеше секунд ішінде қабылданған бір дұрыс шешім адамның денсаулығын, болашағын, тіпті өмірін сақтап қалуы мүмкін», - делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, Астанада жол-көлік оқиғаларының саны 30 пайызға қысқарды.