Астана прокуратурасы оқушылармен бірге өрік сүйегін отырғызды
Астана қаласының прокуратурасы «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында №97 мектеп оқушыларымен бірге өрік сүйектерін отырғызу бойынша экологиялық челленджге қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Экологиялық іс-шара Ұлытау облысы прокуратурасының бастамасымен ұйымдастырылған челлендж аясында өтті. Челленджге елорда прокуратурасының қызметкерлері мен мектеп оқушылары қатысты.
Іс-шара барысында қатысушылар өрік сүйектерін отырғызды. Астана прокуратурасы мұндай шағын бастамалар болашақта жеміс ағаштарының көбеюіне ықпал ететінін атап өтті.
«Болашақ шағын істерден басталады» деген ұстаныммен елорда прокуратурасы азаматтарды тұқым отырғызып, қоршаған ортаны көгалдандыруға үлес қосуға шақырды.
Сонымен қатар Астана қаласының прокуратурасы экологиялық челленджді Алматы қаласының прокуратурасына жолдады.
Бұған дейін Конституциялық Сот қызметкерлері елордада көшет отырғызған болатын.