Астанада 130 зейнеткер скандинавиялық жүрістен эстафетаға қатысты

23 қыркүйек, 2026
Ернұр Сағымбек Ернұр Сағымбек
Астанада 130 зейнеткер скандинавиялық жүрістен эстафетаға қатысты
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада Халықаралық қарттар күніне орай зейнеткерлер арасында скандинавиялық жүрістен эстафета өтті. Ботаникалық саябақта ұйымдастырылған спорттық шараға «Нұра» ауданының әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің 130 қызмет алушысы қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Эстафетада қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше санатқа бөлінді. Жарысқа 61 жастан асқан әйелдер мен 63 жастан жоғары ерлер қатысты.

Атап айтқанда, бірінші кезеңде 63-65 жастағы ерлер мен 61-65 жастағы әйелдер бақ сынады. Екінші кезеңде 66-70 жастағы ерлер мен әйелдер жарысқа қатысты. Үшінші кезеңде 71-75 жастағы қатысушылар өзара сынға түсті. Төртінші кезең 76-80 жастағы ерлер мен әйелдер арасында өтті. Сонымен қатар 81 жастан асқан қатысушылар үшін жеке санат ұйымдастырылды.

Эстафетаның мақсаты – зейнеткерлер арасында белсенді өмір салтын насихаттау, дене белсенділігін арттыру және салауатты өмір салтын қалыптастыру.

«Қарттар күніне» орай ұйымдастырылған эстафета жас ерекшеліктеріне қарай жарыс түрінде өтті. Қатысушылар әр санат бойынша өзара бақ сынады. Мұндай шаралар аға буын өкілдерінің дене белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді», – деді шараны ұйымдастырушылардың бірі Гүлнар.


Эстафетаға қатысушылардың қатарында 72 жастағы зейнеткер де бар. Оның айтуынша, скандинавиялық жүріспен айналысып жүргеніне екі жыл болған. Бұл спорт түріне ол жолдасымен бірге қатысады.

«Мен 72 жастамын. Скандинавиялық жүріспен айналысып жүргенімізге екі жыл болды. Жолдасым екеуміз бірге қатысамыз. Қарттар күніне орай осындай іс-шара ұйымдастырып жатқанына ризамыз. Мұндай жарыстар бізге белсенді болуға, денсаулығымызды күтуге және өз қатарластарымызбен бірге уақыт өткізуге мүмкіндік береді», – деді ол.

Эстафета арқылы қатысушылардың салауатты өмір салтын ұстануына және белсенді қимыл-қозғалысқа қызығушылығын арттыруға жағдай жасалды.