Елордада бейнебақылау камераларын істен шығармақ болғандар іздестіріліп жатыр
Елордалық «Байқоңыр» ауданында аудандық Полция басқармасымен бірлесіп вандализмнің алдын алу және қоғамдық мүлікті қорғау бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осы ретте, жерасты өткелінде бейнебақылау камераларын бүлдіріп, істен шығармақ болғандардың әрекеті анықталған. Астана қаласы «Байқоңыр» ауданының әкімдігі осыған қатысты тұрғындарға мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Кадрлардан бір азаматтың бейнебақылау камерасын бүлдіруге әрекет жасағанын, ал тағы бірінің қалыпты жұмыс істеп тұрған камераның бағытын өзгертіп, оны істен шығарғанын көруге болады.
«Қазіргі уақытта оқиғаға қатысы бар тұлғалардың жеке басын анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бейнежазбадағы тұлғаларды таныған жағдайда немесе осы оқиғаға қатысты қандай да бір ақпарат білсеңіз, 102 нөміріне хабарласуыңызды немесе жеке хабарлама арқылы ақпарат беруіңізді сұраймыз. Анонимділікке кепілдік беріледі!», - делінген хабарламада.