Header Banner

Салдары ауыр «әзіл»: ІІМ терроризм туралы жалған хабарлама үшін жаза барын ескертті

Бүгін, 10:01
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Салдары ауыр «әзіл»: ІІМ терроризм туралы жалған хабарлама үшін жаза барын ескертті
Фото: ІІМ

Бір әзіл жүздеген адамды эвакуациялауға, шұғыл қызметтердің оқиға орнына жетуіне және қылмыстық істің қозғалуына себеп болуы мүмкін. Ішкі істер министрлігі терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар таратудың қауіпті екенін ескертеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

2026 жылдың басынан бері терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар таратқаны үшін 23 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың жетеуі - 14 пен 17 жас аралығындағы кәмелетке толмағандар. 

«Ғимараттарға жарылғыш зат қойылғаны және басқа да қауіп-қатерлер туралы жалған хабарламалар тарату - ауыр салдарға әкеп соғатын әрекет. Мұндай хабарламалар телефон, электрондық пошта, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы таратылады. Көп жағдайда осындай әрекетке өз ісін жай ғана қалжың немесе назар аудартудың амалы деп қабылдайтын жасөспірімдер барады. Интернетте бұл «сваттинг» деп аталады», - делінген хабарламада. 

ІІМ өкілдерінің айтуынша, бұл кезде хабарламада көрсетілген нысан, яғни мектептер, ауруханалар және басқа да мекемелер эвакуацияланады. Оқиға орнына полиция қызметкерлері, құтқарушылар мен арнайы қызмет өкілдері жіберіледі. Жүздеген адамның күнделікті жұмысы бұзылып, ресурстар мен қомақты қаражат жұмсалады. 

ІІМ терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталатынын еске салады. Бұл қылмыс үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Сонымен қатар кінәлі тұлғалар келтірілген залалды, оның ішінде шұғыл қызметтердің оқиға орнына баруы мен жұмысына жұмсалған шығындарды өтеуге міндеттеледі. Ойланбай жасалған әрекет қылмыстық жазаға ғана емес, отбасы үшін елеулі қаржылық қиындықтарға әкелуі мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін Астана әуежайында бомба туралы әзілдеген шетелдік рейстен түсірілген болатын.