Жамбыл облысында балаларының көзінше ішімдік ішкен әйелге айыппұл салынды

Бүгін, 12:46
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Жамбыл облысында балаларының көзінше ішімдік ішкен әйелге айыппұл салынды
Фото: Magnific.соm

Тараз қаласында екі жас баласының көзінше жұбайымен бірге алкоголь ішкен әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жамбыл облысының сотына сілтеме жасап. 

Оқиға 2026 жылғы тамызда болған. Мойынқұм ауданының тұрғыны – азаматша Б. жұбайымен бірге Таразда уақытша тұратын үйінде орташа дәрежеде масаң күйде болған. Сол кезде үйде 2024 және 2025 жылдары туған екі баласы болған. Бұл туралы полицияға көршілері хабарлаған.

Тексеру барысында үйдегі антисанитариялық жағдай және балалардың толыққанды дамуына қажетті жағдайлардың болмағаны анықталған.

Сотта азаматша Б. балалардың көзінше жұбайымен бірге ішімдік ішкенін растап, кінәсін толық мойындады. Бұған дейін де ӘҚБтК-нің 127-бабының 1-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылғаны анықталды.

Осыған байланысты сот оны ӘҚБтК-нің 127-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Аталған бап бойынша 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу көзделген.

Сот кінәні мойындауын және жас балаларының болуын жеңілдететін мән-жай ретінде танып, Б.-ға 15 АЕК, яғни 64 875 теңге көлемінде айыппұл тағайындады.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.