Астаналық каратэшілер Қазақстан чемпионатында жеті медаль жеңіп алды

Бүгін, 17:27
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астаналық каратэшілер Қазақстан чемпионатында жеті медаль жеңіп алды
Фото: Қазақстан каратэ федерациясы

Астанада каратэден (WKF) ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Ел біріншілігіне еліміздің 15 өңірінен 150-ге жуық спортшы қатысып, жекелей және командалық сайыстарда өзара мықтыны анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.

Үш күнге созылған жарыста елордалық спортшылар жоғары нәтиже көрсетіп, жалпы саны жеті медаль жеңіп алды. Оның біреуі алтын, алтауы қола жүлде.

55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен астаналық Николь Ценгель қарсыластарынан басым түсіп, Қазақстан чемпионы атанды.

Сонымен қатар жекелей сында Перизат Алдаберген (55 келіге дейін), Ақылбек Әмзе (60 келіге дейін), Кирилл Москвичев (67 келіге дейін) және Жаннұр Абдрахман (68 келіге дейін) қола медаль иеленді.

Командалық жарыстарда да елорда спортшылары жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ерлер арасындағы командалық кумитэ сайысында Ақылбек Әмзе, Әдият Ержан, Кирилл Москвичев, Максим Москвичев, Бекарыс Нығметбек, Ернұр Ерғалиев және Әлинұр Жұмартовтан құралған Астана командасы үшінші орынға ие болды.

Ал әйелдер арасындағы командалық кумитэ бәсекесінде Николь Ценгель, Перизат Алдаберген, Аяулым Үшкемпірова, Малика Әбжанова және Жаннұр Абдрахман елорда қоржынына тағы бір қола медаль салды.

Осылайша, Астана қаласының спортшылары Қазақстан чемпионатын бір алтын және алты қола медальмен аяқтады.

Еске сала кетейік, астаналық боксшылар Қазақстан чемпионатында төрт медаль жеңіп алды.