Өнер мен жауапкершілік: «Әділет» партиясы шығармашылық ұжыммен ашық диалог өткізді

Өнер мен жауапкершілік: «Әділет» партиясы шығармашылық ұжыммен ашық диалог өткізді
Фото: Ұйымдастырушылар

«Әділет» партиясының өкілдері Қазақ ұлттық хореография академиясының ұжымымен кездесті. Басқосуда шығармашылық мамандық иелерінің еңбегі, елорданың дамуы және партияның 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы таныстырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Кездесуге партиялық тізім бойынша кандидаттар — «Elorda Aqparat» ЖШС директоры Олжас Сыдықбек, Астанадағы «Жаңа Адамдар» жастар қозғалысының көшбасшысы Мәди Өмірзақов, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Әкелер одағы» қалалық филиалының төрағасы Бекдайыр Күзембай қатысты. Сондай-ақ №11 сайлау округі бойынша кандидат, партияның Есіл аудандық филиалының төрағасы Санира Жусупова, №12 сайлау округі бойынша кандидат Нұрбол Тұрсынбаев болды.

Олжас Сыдықбек партия қызметінің негізін құрайтын бес қағидатқа тоқталды. Олар — әділеттілік, отансүйгіштік, жауапкершілік, еңбекқорлық және прогресс. Оның айтуынша, бұл құндылықтардың қоғамдық өмірде орнығуы өзара сенім мен бірлікті нығайтуға ықпал етеді.

«Осы бес қағидат қоғамда өз орнын тапқанда, ел ішіндегі тұрақтылық пен бірлік те нығаяды. Сайлауға қатысу — әр азаматтың саяси мәдениетінің көрсеткіші. «Мен де осы мемлекеттің бір бөлшегімін, қоғамда менің де орным бар» деп сезінетін азамат өз таңдауын жасауға келуі керек», — деді Олжас Сыдықбек.

Бекдайыр Күзембай партияның Астананы 2031 жылға дейін дамытуға арналған бағдарламасының бағыттарын таныстырды. Қолжетімді баспана, сапалы инфрақұрылым, білім беру мен денсаулық сақтау, кәсіпкерлік және жұмыспен қамту мәселелеріне назар аударылды.

Бағдарламада 57 жаңа мектеп салып, 120 857 оқушы орнын ашу, сондай-ақ алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін жаңа орталықтарда 250 дәрігерлік қабылдау кабинетін ашу көзделген. Бұл міндеттер өсіп келе жатқан елорда тұрғындарына білім мен медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Нұрбол Тұрсынбаев медицина саласын дамытудағы тәжірибесіне тоқталып, қала дамуының нәтижесі тұрғындардың денсаулығы мен өмір сапасынан көрінуі керектігін айтты. Ол қолжетімді медициналық көмек, салауатты өмір салтына жағдай жасау және жайлы қалалық ортаның өзара байланысты екенін атап өтті.

Мәди Өмірзақов академия ұжымының еңбегіне құрмет білдірді. Ол көрермен сахнадан көретін әр қойылымның артында әртістердің, ұстаздар мен жаттықтырушылардың, тұтас шығармашылық ұжымның ұзақ дайындығы тұрғанын айтты. Өз ісін тапқан, оған уақытын және күш-жігерін арнаған жастардың табандылығын ерекше атап өтті.

Кездесуде еңбекқорлық пен жауапкершіліктің өнерде де, қоғамдық өмірде де маңызды екені айтылды. Партия өкілдері академия ұжымын 29 қарашадағы сайлауға қатысып, елорданың болашағына қатысты өз таңдауын жасауға шақырды.

Астана қаласы мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.