Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру аясында еліміздің өңірлерінде тұтынушыларды жылумен жабдықтау және электрмен қамтамасыз ету сенімділігін арттыруға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметке сілтеме жасап.
Атап айтқанда, Степногорск қаласында 53 жыл бойы пайдаланылып, тозу деңгейі 85%-ға жеткен жылу желісінің 9,5 шақырым учаскесі жаңартылды;
Талдықорған қаласында 46 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан негізгі жылу магистралінің 3,5 шақырымы реконструкцияланды;
Петропавл қаласында жалпы ұзындығы 4,3 шақырымды құрайтын жылу желісінің екі учаскесі жаңартылды;
Қарағанды қаласында диаметрі 1020 мм болатын жылу магистралін реконструкциялау жұмыстары аяқталды, тозу деңгейі 81%-ды құраған.
«Аталған жобалардың барлығында отандық өндірістен шыққан энергия тиімді жоғары заманауи алдын ала оқшауланған құбырлар қолданылды. Бұл халықты жылумен жабдықтау сенімділігін арттыруға және салынып жатқан нысандарды желілерге қосу үшін қажетті резерв қалыптастыруға мүмкіндік берді», - деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.
Бірнеше өңірде тозған электр желілері жаңартылды:
-Астанада 30 мыңнан астам абонент қосылған 14,4 шақырым тарату желілері реконструкцияланды;
-Қарағанды облысында «Жосалы» қосалқы стансасы жаңғыртылды, бұған дейін тозу 92%-ға жеткен болатын;
-Батыс Қазақстан облысында әуе электр тарату желілері қайта жаңартылды.
«Реконструкция кезінде қазіргі заманғы тозбайтын, жоғары температураға төзімді сымдар қолданылды. Бұл тұтынушыларды электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға және электр энергиясының тұрақты берілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.
Еске салайық, бұған дейін Үкіметте жылу беру маусымының барысы қаралып жатқаны туралы жаздық.