Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов жыл сайын жылу беру кезеңінде өрт қаупі арта түсетінін атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Премьер-министрдің айтуынша, тұрғындар пеш жағып, түрлі жылыту құралын пайдаланады. Алайда көп жағдайда өрт қауіпсіздігінің қарапайым талаптарын сақтауға жеткілікті көңіл бөлінбейді. Жүргізіліп жатқан профилактикалық іс-шараларға қарамастан, қауіпсіздік мәселесіне қатысты тұрғындардың жеке жауапкершілік деңгейі артпай отыр. Суық түсе қайғылы жағдайға әкеп соғатын өрт саны көбейеді. Өткен қыста мұндай оқиғалар аз болған жоқ, оның ішінде адамдар зардап шегіп, қаза тапқан жағдайлар да орын алды.
«Қазіргі уақытта тұрғын үй секторында өрт саны төмендеді. Алайда бұл профилактикалық шараларды бәсеңдетуге негіз болмауға тиіс. Жылу беру маусымы енді басталды. Күз біршама жылы болғанымен, нағыз суық күндер әлі алда», - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр өрт қауіпсіздігіне қатысты бірқатар тапсырма берді:
- Төтенше жағдайлар министрлігі өрт қауіпсіздігі саласындағы түсіндіру және профилактикалық шараны күшейтуі тиіс. Волонтерлер мен қоғам өкілдерін жұмылдыра отырып, халықтың қауіпсіздік мәдениетін арттыруға бағытталған жұмысты жандандыра түсу керек.
- Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім, Төтенше жағдайлар министрліктері оқу орындарында өрт қауіпсіздігі шаралары бойынша интерактивті сабақтар мен түсіндіру жұмысын ұйымдастыруы қажет. Білім алушылар өрт кезінде қалай әрекет ету керектігін нақты білуі тиіс.
- Әкімдіктер мен ішкі істер органдарының қызметкерлері демалыс және мереке күндері тұрғын үй секторында рейд жүргізіп, үйлерді аралау керек.
- Төтенше жағдайлар министрлігі тек формалды ұсыныс-нұсқаулар берумен шектелмеуге тиіс. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін барынша пәрменді шаралар қабылдау қажет.
Еске салсақ, елімізде өрт профилактикасына қатысты «Тұмар 112» цифрлық жүйесі енгізіліп жатыр.