Әкімдіктерге газ баллондарын жаңарту мен айналымнан алуды бақылау тапсырылды - Үкімет

Әкімдіктерге газ баллондарын жаңарту мен айналымнан алуды бақылау тапсырылды - Үкімет
Фото: magnific.com

Үкімет отырысында Олжас Бектенов әкімдіктерге жергілікті жерлерде газ баллондарын жаңарту мен айналымнан алуды бақылауды тапсырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиында жылу беру маусымында тұрмыстық газ баллонын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылды.

Премьер-министр Олжас Бектенов өткен жылу беру маусымында газ баллондарының жарылуына байланысты 7 оқиға тіркелгенін атап өтті. Негізгі себеп оларды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуы болды. 

«Бүгінде 350 мыңға жуық тұрмыстық газ баллоны 40-50 жылдан бері пайдаланылып келеді. Оларды шұғыл ауыстыру қажет. Өнеркәсіп министрлігіне баллондар өндірісін жолға қою тапсырылған болатын. Қазіргі уақытта Көкшетау қаласында осындай зауыт іске қосылды. Алдағы уақытта Атырау және Алматы қалаларында да ашу көзделіп отыр. Ендігі кезекте жеке тұрғын үйлермен қатар, тамақтану орындарында да газ баллондарын ауыстыру жұмысын жолға қою керек», - деп атап өтті Премьер-министр.

Сондай-ақ тұрмыстық баллондарды айналымнан алып, кәдеге жарату тәртібін реттеу қажеттілігіне назар аударылды. 

«Энергетика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай ішінде барлық өңірлердегі қолданыстағы газ баллондарын жаңарту мен айналымнан алудың, сондай-ақ бақылаудың нақты тетігін әзірлеуді тапсырамын. Әкімдіктер бұл жұмыстың жергілікті жерлерде іске асырылуын бақылауға алсын», - деп атап өтті Премьер-министр.

Сондай-ақ Премьер-министр Олжас Бектенов газ жабдықтарын орнату және пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуына назар аударды.

«Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында газ тарту жұмысын жалғастырудың маңызын атап өтті. Газ жабдықтарын орнату кезінде барлық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажет. Газбен жылыту жүйесі бар әр үйде көгілдір отынның шығуын анықтайтын дабыл датчигі, сертификатталған қазандық пен құрылғылар болуы тиіс. Газ қызметтері тұрғын үйлерде газды қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуын бақылау бойынша тиісті жұмысты ұйымдастыруға міндетті. Өңір әкімдіктеріне осы бағытта қажетті шаралар қабылдауды тапсырамын», - деп атап өтті Үкімет жетекшісі.

Еске салсақ, Олжас Бектенов өрт қауіпсіздігіне қатысты бірқатар тапсырма берді.