Қазақстан Солтүстік Аралды қалпына келтіру тәжірибесін COP31-де таныстырды

Қазақстан Солтүстік Аралды қалпына келтіру тәжірибесін COP31-де таныстырды
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Қазақстан Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру тәжірибесін Түркияның Анталья қаласында өткен БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі COP31 конференциясында таныстырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрлік бастамасымен ұйымдастырылған панельдік сессияда Су ресурстары және ирригация вице-министрі Арсен Жақанбаев су экожүйелерін қалпына келтіру бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.

Оның айтуынша, Дүниежүзілік банктің қолдауымен жүзеге асырылған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының бірінші кезеңі нақты нәтиже берген.

Атап айтқанда, Көкарал бөгеті салынғаннан кейін Солтүстік Аралдың су айдыны 870 шаршы шақырымға ұлғайып, судың тұздылығы шамамен екі есе төмендеген.

Конференцияда «Солтүстік Арал теңізі және ирригация жүйелерін жаңғырту» кешенді жобасы да таныстырылды. Оның аясында суару инфрақұрылымын жаңғырту көзделген. Жобаның бірінші кезеңі 2027-2030 жылдары Дүниежүзілік банктің қарызы есебінен іске асырылмақ.

«Солтүстік Аралды қалпына келтіру – бұл тек инженерлік жоба емес, сонымен қатар экожүйені қалпына келтіруге және өңірдің тұрақтылығын арттыруға бағытталған кешенді жұмыс. Біздің тәжірибеміз инженерлік шешімдер суды ұтымды пайдаланумен ұштасқанда ғана тұрақты нәтиже беретінін көрсетеді», – деді Арсен Жақанбаев.

Сонымен қатар Қазақстан халықаралық ынтымақтастықтың үш бағытын ұсынды. Олар – тәжірибе алмасу, су экожүйелерін қалпына келтіруді тұрақты қаржыландыру және нақты нәтижеге бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыру.

Бұған дейін елімізде 746 канал реконструкцияланып жатқаны хабарланған еді.