Елімізде статистикалық деректерді жылдам ұсынатын AI TALDAU көмекшісі іске қосылды

Елімізде статистикалық деректерді жылдам ұсынатын AI TALDAU көмекшісі іске қосылды
Фото: Ұлттық статистика бюросы

Қазақстанда ресми статистикалық деректерді жасанды интеллект көмегімен іздеп, талдауға мүмкіндік беретін AI TALDAU интеллектуалды көмекшісі іске қосылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа сервис «Талдау» жаңартылған ақпараттық-талдамалық жүйесінде қолжетімді. Оның көмегімен пайдаланушылар қажетті статистикалық мәліметтерді кестелер мен бөлімдерден іздемей-ақ, қарапайым сұрақ қою арқылы ала алады.

Мәселен, «Астанада соңғы бес жылда орташа жалақы қалай өзгерді?» немесе «Қазақстан өңірлерінің халық санын салыстыр» деген сұрақтарға жауап алуға болады. Жүйе ресми деректерді тауып, көрсеткіштерді салыстырады және олардың өзгеру динамикасын көрсетеді.

Нәтижелер кесте, график, диаграмма және талдамалық материал түрінде ұсынылады. Қажет болған жағдайда сұрақты нақтылап, қосымша ақпарат алуға болады.

AI TALDAU қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жұмыс істейді. Дайын материалдарды PDF, Word, PowerPoint және Excel форматтарында сақтауға мүмкіндік бар.

«AI TALDAU көмегімен бірнеше сағат жұмсап іздейтін ақпаратты енді бірнеше секундта алуға болады. Сұрақ қойсаңыз жеткілікті, жүйе жарияланған ресми деректер негізінде жауап ұсынады», – деді Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев.

Сонымен қатар «Талдау» жүйесінің дизайны мен навигациясы жаңартылып, деректерді іздеу және салыстыру мүмкіндіктері кеңейтілді. Пайдаланушылар статистикалық кестелер мен диаграммаларды өздері құрастырып, нәтижелерді жеке кабинетінде сақтай алады.

Жаңа сервис азаматтарға, кәсіпкерлерге, журналистерге, зерттеушілер мен мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне арналған.

AI TALDAU сервисін осы сілтеме арқылы пайдалануға болады.

Бұған дейін Қазақстанда статистикалық деректердің 97 пайызы электронды түрде жиналатынын жазған едік.