«Қазсушар» РМК Жамбыл облыстық филиалы су шаруашылығы нысандарының техникалық жағдайын бақылау үшін заманауи ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдана бастады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта филиалға 3 дрон беріліп, осы бағытта 2 жұмыс тобы құрылған.
Дрондардың көмегімен каналдар мен ирригация желілеріне әуеден бақылау жүргізіліп, анықталған ақаулар бойынша фото және бейнематериалдар жинақталады. Алынған мәліметтер талданып, тиісті ақпараттық жүйеге енгізіледі.
«Бұл технология су нысандарының техникалық жай-күйін жедел бағалауға, зақымданған учаскелерді дер кезінде анықтауға, жөндеу жұмыстарының сапасын бақылауға және су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ұшқышсыз ұшу аппараты судың «қара нарығына» қарсы күресте де тиімді құрал болып, судың бөлінуін бақылауға әрі әділ бөлуге көмектеседі», - делінген хабарламада.
Мамандардың айтуынша, бұл су шаруашылығы саласын цифрландыру мен инфрақұрылым қауіпсіздігін арттыру жолындағы маңызды қадам.
Еске салайық, бұған дейін елімізде тоқтап қалған 10 су жобасының құрылысы қайта жанданғаны туралы жаздық.