Астанадағы Stadler Kazakhstan зауытында бір жолаушылар вагонын құрастыруға орта есеппен 6–8 апта уақыт кетеді. Кәсіпорынның қазіргі өндірістік қуаты жылына шамамен 90 вагон шығаруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Зауыт өкілдерінің мәліметінше, вагон өндірісі бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен болат қаңқасы дайындалып, дәнекерлеу жұмыстары жүргізіледі. Одан кейін вагонның сырты өңделіп, боялады. Келесі кезеңде электр жабдықтары, ішкі құрылымдар мен басқа да қажетті жүйелер орнатылады.
Құрастыру аяқталған соң вагонның электрондық, ақпараттық, климаттық және санитарлық жүйелері жеке тексеріледі. Барлық сынақтан сәтті өткеннен кейін ғана дайын өнім тапсырыс берушіге өткізіледі.

Кәсіпорында жолаушылар тасымалына арналған үш түрлі вагон және пойыз құрамын электр энергиясымен қамтамасыз ететін дизель-генераторлық вагон шығарылады.
2025 жылы зауытта 51 вагон құрастырылған. Ал биыл жыл соңына дейін 92 вагон өндіру жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта кәсіпорында 720 адам еңбек етеді. Өндірістік аумағы 32 мың шаршы метрді құрайды. Сонымен қатар зауыт аумағында 16 мың шаршы метрлік жаңа цех салынып жатыр.
Жаңа өндіріс орнында алюминийден вагон қаңқаларын дайындау көзделген. Бұл жұмысты 2027 жылдың ортасында бастау жоспарланып отыр. Цех іске қосылғаннан кейін тағы 100-ге жуық адам жұмысқа қабылданбақ.
Зауыт отандық материалдарды пайдалану үлесін де кезең-кезеңімен арттыруды көздеп отыр. Қазіргі уақытта болат қаңқаларды дайындауға қолданылатын металдың шамамен 35-40 пайызы Қазақстанда өндірілген.
Айта кетейік, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелері Stadler Kazakhstan зауытын аралап, өндірістік үдерістермен және кәсіпорынның алдағы даму жоспарларымен танысты.
Бұған дейін Астанада жасалған Stadler вагондарына билет сатыла бастағанын хабарлаған едік. Жаңа вагондардан жасақталған пойыздардың алғашқы рейстері Алматы бағыты бойынша 11 қарашаға, Семей бағыты бойынша 13 қарашаға жоспарланған.