Қалдықтан – табысқа: Қазақстан Еуропаға күнбағыс қауызын экспорттап жатыр

Қалдықтан – табысқа: Қазақстан Еуропаға күнбағыс қауызын экспорттап жатыр
Фото: АШМ

Қазақстанда күнбағыс майын өндіруден қалған қауыз экспорттық табыс көзіне айналып келеді. Биылғы тоғыз айда еліміз түйіршіктелген күнбағыс қауызын шетелге сатудан 3,4 млн доллар табыс тапты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,15 есе көп, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Майлы дақылдарды өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының мәліметінше, қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстан 63,2 мың тонна күнбағыс қауызы түйіршігін экспорттаған. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 3,56 есе көп.

Қазақстандық өнімнің негізгі тұтынушысы – Еуропа елдері. Әсіресе Польшада күнбағыс қауызы жылу электр станцияларында биологиялық отын ретінде пайдаланылады. 2025 жылы Қазақстан экспортының 98 пайызы осы елге бағытталған.

Күнбағыс қауызы май зауыттарында тұқымды өңдеу кезінде бөлінеді. Шикізаттың сапасына қарай оның үлесі өңделетін күнбағыс массасының 14-18 пайызын құрайды.

Қауымдастық басқармасының төрағасы Ядыкар Ибрагимовтың айтуынша, қауыздың бір бөлігі кәсіпорындардың өз қазандықтарында технологиялық бу өндіруге жұмсалады. Ал қалған бөлігі арнайы түйіршіктерге айналдырылып, экспортқа шығарылады.

Қазір Қазақстанда мұндай отын түйіршіктерін өндіретін онға жуық зауыт жұмыс істейді. Олардың жалпы өндірістік қуаты айына 10 мың тоннаға дейін жетеді.

Қауымдастықтың бағалауынша, алдағы жылдары Қазақстан күнбағыс қауызы түйіршіктерінің жылдық экспортын 250 мың тоннаға дейін ұлғайта алады. Бұл 2025 жылғы көрсеткіштен шамамен 7,5 есе көп.

Мамандар экспорттың өсуін күнбағыс егістігінің кеңеюімен, майлы дақылдарды өңдеу көлемінің артуымен және Еуропада биологиялық отынға деген сұраныстың сақталуымен байланыстырады.

Бұған дейін Қазақстан Израильге 500 мың тоннаға дейін бидай жеткізуді ұсынғаны хабарланған еді.