«Өнерлі отбасылар шеруі»: Астанада түрлі ұлт өкілдері қазақтың әні мен күйін орындады

«Өнерлі отбасылар шеруі»: Астанада түрлі ұлт өкілдері қазақтың әні мен күйін орындады
Фото: Нұрдәулет Кәкіш

Астанада Республика күні қарсаңында және Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай «Өнерлі отбасылар шеруі» өтті. Ермек Серкебаев атындағы №3 балалар музыка мектебінде ұйымдастырылған іс-шарада түрлі ұлт өкілдерінен құралған отбасылар қазақтың әні мен күйлерін орындап, бір сахнада өнер көрсетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында өткен мерекелік концерттің басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ұрпақтар сабақтастығын нығайту және мектеп пен отбасы арасындағы байланысты арттыру.

Іс-шараға Астана қаласы әкімдігінің Балаларға қосымша білім берудің оқу-әдістемелік орталығының басшысы Дидар Байтасов, «Байқоңыр» ауданы бойынша Әкелер одағының төрағасы Мұхтар Шотпай, елордадағы өнер және музыка мектептерінің басшылары, Аталар кеңесінің мүшелері, педагогтер мен ата-аналар қатысты.

Қонақтарды мектептің камералық оркестрі «Япурай» әуенімен қарсы алды. Одан кейін оқушылар мектеп дәлізінде орналасқан «Адал азамат» бағдарламасына арналған арнайы көрнекі стендтерді таныстырды.

Түрлі ұлт өкілдерінен шыққан балалар қазақ тілінде Конституция қағидалары мен Мемлекет басшысының сөздеріне қатысты өз түсініктерін жеткізді.

Салтанатты бөлімде сөз алған Дидар Байтасов отбасылық өнердің тәрбиелік маңызына тоқталды.

«Отбасы – ұлттық құндылықтың негізі. Ал өнер – ұрпақтарды, білім беру мекемесі мен отбасын, тіпті түрлі ұлт өкілдерін байланыстыратын асыл мұра. Балаларымыздың өнерін шыңдап, оны отбасылық құндылыққа айналдырып, бүгін бірге өнер көрсетуге келген ата-аналарға алғыс айтамын», – деді ол.

Орталық басшысы Ермек Серкебаев атындағы №3 балалар музыка мектебі елордадағы қосымша білім беру ұйымдарының арасында «Адал азамат» бағдарламасына арналған арнайы көрнекі стендтерді алғашқылардың бірі болып әзірлегенін де атап өтті.

Мерекелік концертте Мұқановтар, Савенковтар, Мазмановтар және Омаровтар отбасылары өнер көрсетті.

Атап айтқанда, жас домбырашы Андрей Кващук Дина Нұрпейісованың «Науаи» күйін орындады.

Ермек Серкебаев атындағы №3 балалар музыка мектебінің оқушысы Андрей Кващук Дина Нұрпейісованың «Науаи» күйін орындап отыр.

Савенковтар отбасы Латиф Хамидидің «Қазақ вальсін» гитара, аккордеон және үшбұрыш аспабының сүйемелдеуімен ұсынды.

«Өнерлі отбасылар шеруінде» Савенковтар отбасы Латиф Хамидидің «Қазақ вальсін» орындады.

Ал музыка мектебінің оқушысы Софья Огай Евгений Брусиловскийдің «Шолпан» шығармасын орындап, оған фортепианода Ольга Казкенова сүйемелдеді.

Ермек Серкебаев атындағы №3 балалар музыка мектебінің оқушысы Софья Огай Евгений Брусиловскийдің «Шолпан» шығармасын орындап отыр. Фортепианода сүйемелдеуші – Ольга Казкенова.

Кештің ерекше сәттерінің бірі – Мазмановтар отбасының өнер көрсетуі болды. Бір әулеттің үш буын өкілі – әже, ата-ана және немерелер бір сахнада бас қосып, халық күйі «Жастарды» орындады.

«Өнерлі отбасылар шеруінде» Мазмановтар отбасының үш буын өкілі қазақтың халық күйі «Жастарды» орындап отыр.

Омаровтар отбасы да көрермен ықыласына бөленді. Нелли Омарова скрипкада халық күйі «Кеңесті» орындаса, анасы Елена Щербина фортепианода сүйемелдеді. Шығарма Й. Коган мен Г. Өзенбаеваның өңдеуінде ұсынылды.

«Өнерлі отбасылар шеруінде» Нелли Омарова анасы Елена Щербинамен бірге халық күйі «Кеңесті» орындады.

Ермек Серкебаев атындағы №3 балалар музыка мектебінің директоры Гүлмира Жангелдінің айтуынша, аталған іс-шараны өткізу идеясы Балаларға қосымша білім берудің оқу-әдістемелік орталығы басшысының ұсынысынан кейін туған.

«Біздің мектептің ерекшелігі – мұнда түрлі ұлт өкілдері білім алады. Қазір 952 оқушымыз бар. Олардың шамамен 60 пайызы – өзге ұлт өкілдері. Балалардың арасында өнерлі отбасылардан шыққандар көп екенін байқадық. Ата-аналары, ата-әжелері де музыкамен айналысады. Ең қуантқаны – олардың репертуарында қазақтың әндері мен күйлері, қазақ композиторларының шығармалары бар. Сондықтан осындай өнерлі отбасыларды бір сахнаға жинауды жөн көрдік», – деді мектеп директоры.

Гүлмира Жангелді өнер арқылы балалардың қазақ тіліне деген қызығушылығы да артып келе жатқанын айтты. Мәселен, мектептегі хор сабақтарының бірі қазақ тілінде жүргізіледі. Оған өзге этнос өкілдерінің балалары да ата-аналарының қалауымен қатысып жүр.

«Біздің хорда оқитын Василиса мен Ангелина қазақ тілін жақсы түсінеді. Екі жылдан бері қазақ тілінде сабақ алып жүр. Василиса былтыр дәстүрлі ән бағытына да қатысты. Ал Андрей Кващукты ата-анасы мен ата-әжесі арнайы домбыра үйренсін деп әкелген. Ол небәрі екінші жыл оқып жүр. Соған қарамастан, бүгін Динаның күрделі «Науаи» күйін орындады. Бұл – баланың қазақ музыкасына деген қызығушылығы мен еңбегінің нәтижесі», – деді ол.

Мектеп басшысы отбасылық концерттің маңызы тек сахнадағы өнермен шектелмейтінін жеткізді.

«Ең маңыздысы – концертке дайындық кезеңі. Өйткені сол уақытта отбасы мүшелері бірге жиналып, күн сайын дайындалады, бір-біріне жақындай түседі. Бөлек тұратын ата-әжелер мен немерелердің де басын өнер біріктіреді. Бүгін кішкентай балалардың сахнаға шыққанына ата-әжелерінің ерекше қуанғанын көрдік. Мұндай сәттер отбасы үшін де, біз үшін де зор қуаныш», – деді Гүлмира Жангелді.

Директордың сөзінше, музыка мектебінде балалар домбыра, қобыз, қылқобыз, жетіген, сазсырнай, фортепиано, скрипка, виолончель, кларнет, саксофон, флейта, баян, аккордеон және басқа да музыкалық бағыттар бойынша білім алады.

Іс-шарада сөз сөйлеген «Байқоңыр» ауданы бойынша Әкелер одағының төрағасы Мұхтар Шотпай да балалардың өнеріне жоғары баға беріп, ата-аналар мен ұстаздарға алғыс айтты.

«Бүгінгі концерт жүрегімнен ерекше орын алды. Осындай балаларды тәрбиелеп, өнерге баулып жүрген ата-аналар мен педагогтерге алғысымды білдіремін. Бұл балалар – біздің болашағымыз. Түрлі ұлт өкілдерінің бір шаңырақ астында тату өмір сүріп, бірге өнер көрсетуі – үлкен құндылық», – деді ол.

Мерекелік концертте мектеп педагогтері де өнер көрсетіп, қатысушыларға музыкалық тарту жасады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Өнерлі отбасылар шеруі» балалардың шығармашылық қабілетін дамытумен қатар, отбасылық дәстүрлерді сақтауға, қазақ музыкасын кеңінен насихаттауға және түрлі ұлт өкілдері арасындағы достықты нығайтуға бағытталған.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Астанадағы «Гарант» тұрғын үй кешенінде балалар музыка мектебінің филиалы ашылғаны хабарланған еді.