Айрат Бәзенов: «Таза Қазақстан» адамның мінезіне айналуы тиіс
«Таза Қазақстан» ұғымы тазаланған көше мен егілген ағаштан әлдеқайда кең. Бұл туралы Құрылтай депутаты Айрат Бәзенов Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Депутаттың сөзінше, елдің келбеті тек ірі жобалармен емес, адамдардың күнделікті әрекетімен қалыптасады.
«Таза Қазақстан» дегенде мен ең алдымен тазаланған көше мен егілген ағашты ғана емес, қоғамның өз ортасына деген көзқарасын ойлаймын. Өйткені елдің келбеті үлкен жобалардан ғана қалыптаспайды, күнделікті ұсақ әрекеттерден құралады: қоқысты жерге тастамаудан, отырғызылған ағашты сындырмаудан, ортақ мүлікке өз дүниеңдей қараудан, табиғатқа уақытша ресурс емес, келер ұрпақтан алған аманат ретінде қараудан басталады», – деп жазды депутат.
Оның пікірінше, қоғамның мәдени деңгейін адамдардың ортақ кеңістікті қалай ұстайтынынан да байқауға болады.
«Аула қалай ұсталады? Саябаққа қалай қараймыз? Ортақ дүниеге жауапкершілік бар ма? Осындай қарапайым сұрақтардың жауабы мемлекеттің қоғамдық мәдениеті туралы көп нәрсе айтады. Меніңше, «Таза Қазақстанның» ұзақ мерзімді мағынасы да осында. Сенбілік аяқталған соң бітетін жұмыс емес, адамның мінезіне айналуға тиіс әдет», – деді ол.
Айрат Бәзенов ағаш отырғызуды осы жауапкершіліктің символы ретінде атап өтті.
«Біз бүгін отырғызған көшеттің саясын өзіміз көрмеуіміз де мүмкін. Бірақ дәл осы жерде азаматтық жауапкершіліктің ең терең мағынасы жатыр: өзің үшін ғана емес, сенен кейін келетін адам үшін әрекет ету. Нағыз қоғамдық сана «маған не береді» деген сұрақтан «мен кейінгіге не қалдырамын» деген сұраққа өткен кезде қалыптасады», – деді Құрылтай депутаты.
Еске сала кетейік, бұған дейін Құрылтай депутаттарының елордада қарағаш пен сібір шыршасының 150 түп көшетін еккенін жаздық.