Қадырбек Шынбаев аралас жекпе-жектен Азия ойындарының чемпионы атанды

22 қыркүйек, 2026
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Қадырбек Шынбаев аралас жекпе-жектен Азия ойындарының чемпионы атанды
Фото: Туризм және спорт министрлігі

22 жастағы Қадырбек Шынбаев Жапонияның Айти-Нагоя қалаларында өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарының алтын медалін жеңіп алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Қазақстан ұлттық құрамасының өкілі аралас жекпе-жектен (ММА) modern дисциплинасында 71 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде топ жарды.

ММА биыл Азия ойындарының бағдарламасына алғаш рет енгізілді. Қадырбек Шынбаев осы спорт түрінен Азия ойындарының алтынын жеңіп алған екінші қазақстандық атанды.

Айта кетейік, Қадырбек Шынбаев бұған дейін де халықаралық аренада жоғары нәтижелер көрсеткен. 2026 жылдың қаңтарында ол ересектер арасында ММА-дан Азия чемпионы атанды. Құрлық біріншілігінде қазақстандық спортшы Моңғолия, Қытай, Қырғызстан және Тәжікстан өкілдерін жеңді.

Осылайша, 22 жастағы спортшы бір жылдың ішінде құрлықтық деңгейдегі екі ірі додада жеңіске жетіп, Азия чемпионы және Азия ойындарының жеңімпазы атанды.

Еске салсақ, бұған дейін ММА шебері Еркінғали Бүркіталин Азия ойындарының чемпионы атанды.