Талдықорғанда жаңа емхана жыл соңына дейін ашылады

22 қыркүйек, 2026
Дәукен Тұрдашев Дәукен Тұрдашев
Талдықорғанда жаңа емхана жыл соңына дейін ашылады
Фото: Жетісу облысының денсаулық сақтау басқармасы

Талдықорғанда ауысымына 500 адам қабылдайтын жаңа емхананың құрылысы аяқталуға жақын, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жетісу облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жетісу облысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында шалғай елдімекендерде 59 медициналық нысан салынып, пайдалануға берілді. Қазір облыс орталығы Талдықорған қаласында үш жаңа емхананың құрылысы жүргізіліп жатыр.

Солардың бірі ауысымына 500 адам қабылдауға арналған. Нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары 90 пайызға орындалған. Қазір құрылыс алаңында 150 маман мен 5 техника жұмыс істеп жатыр.

Сантехника, су және жылу жүйелері, электрмен жабдықтау, интернет және қауіпсіздік жүйелерін орнату жұмыстары 98 пайызға аяқталған. Ал аумақты көгалдандыру жұмыстары 75 пайызға орындалды.

Жаңа емхана заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылады. Мұнда магниттік-резонанстық томография және компьютерлік томография аппараттары, рентген, маммография жабдықтары орнатылып, жеке зертхана ашылады. Бұл тұрғындарға бір медициналық ұйымның ішінде қажетті диагностикалық тексерулерден өтуге мүмкіндік береді.

Медициналық қызметкерлерге де қажетті жағдай жасалады. Ғимаратта киім ауыстыратын орындар, санитарлық-тұрмыстық және жуыну бөлмелері қарастырылған.

Жалпы аумағы 11,5 мың шаршы метр болатын нысанның құрылысын 2026 жылғы 30 қарашада аяқтау жоспарланған.

Жаңа емхана Талдықорғандағы жақын маңдағы шағын аудандардың тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық көмекті қолжетімді етуге бағытталған.

Бұған дейін сарапшы елімізде құрылыс ауқымы көбейетінін айтқан еді.