Шығыс Қазақстандағы ең биік көпірдің құрылысы аяқталды
Шығыс Қазақстан облысында Тереңсайдағы тау өзені арқылы өтетін, өңірдегі ең күрделі әрі ауқымды көпір салынды. Биіктігі 45 метрге дейін жететін көпірдің ұзындығы – 175 метр, деп хабарлайды Elordainfo.kz «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына сілтеме жасап.
Рақман қайнарына апаратын бағыттағы тау өзені арқылы өтетін көпір құрылысының негізгі кезеңін аяқтады. Құрылыстың шешуші сәті – көпірдің соңғы, жетінші аралық құрылымын орнату болды. Осылайша жаңа көпір терең тау шатқалының екі жағасын толық жалғады.
Ұзындығы 175 метрлік көпір жер бедерінен 45 метрге дейінгі биіктікте орналасқан. Құрылым әрқайсысының ұзындығы 24 метр болатын жеті аралықтан және сегіз тіректен тұрады. Оның екеуі – жағалық, алтауы – аралық тірек.
Бүгінде сегіз тіректің барлығы толық тұрғызылып, жеті аралық құрылымды монтаждау аяқталды. Осылайша Шығыс Қазақстандағы техникалық тұрғыдан ең күрделі көпір нысанының біріндегі негізгі құрылыс жұмысы мәресіне жетті.
«Бүгін – біз үшін ерекше күн. Пихтовка өзені арқылы өтетін көпір құрылысының аяқталуы – үлкен ұжымның қажырлы еңбегінің нәтижесі. Нысан күрделі таулы жерде салынды. Мұнда әрбір инженерлік шешім аса жоғары дәлдік пен жауапкершілікті талап етті. Осы 175 метр көпірдің артында инженерлеріміздің, құрылысшыларымыздың және жобаға қатысқан барлық маманның бірнеше айға созылған тынымсыз еңбегі тұр. Шығыс Қазақстанның осындай күрделі жер бедерінде ауқымды жобаны жүзеге асырғанымызды мақтан тұтамыз», – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Нұрбек Темірханов.
Нысанда 150-ге жуық маман, арнайы құрылыс техникасы мен жабдықтар жұмыс істеді. Бетон жұмыстарын үздіксіз жүргізу үшін құрылыс алаңында жылжымалы бетон зауыты іске қосылды. Көпірдің жүру бөлігіне асфальтбетон жамылғысын қыркүйек айының соңына дейін төсеу жоспарланған.
Жеті аралық пен сегіз тіректің артында бірнеше айға созылған тынымсыз еңбек, жүздеген инженерлік шешім және Шығыс Қазақстанның таулы аймағында жұмыс істеген мамандардың маңдай тері тұр.