Қазақстан қонақүйлері тұңғыш рет MICHELIN Key белгісіне ие болды

22 қыркүйек, 2026
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Қазақстан қонақүйлері тұңғыш рет MICHELIN Key белгісіне ие болды
Фото:  Kazakh Tourism

MICHELIN Guide әлемдегі ең үздік қонақүйлердің халықаралық тізімін жариялады. Қазақстан бұл беделді гидтің географиясына алғаш рет еніп отыр: отандық қонақүйлер беделді жинаққа қосылып қана қоймай, MICHELIN Key арнайы белгісіне ие болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Kazakh Tourism-ге сілтеме жасап. 

MICHELIN Key — қонақүй саласындағы кулинариялық «Мишлен жұлдызының» ресми баламасы. Тәуелсіз әрі анонимді инспекция қорытындысы бойынша еліміздегі 5 қонақүй One MICHELIN Key («Бір Мишлен кілті») белгісіне ие болды:

· The Veil Hotel (Астана қ.)
· The St. Regis Astana (Астана қ.)
· The Ritz-Carlton, Astana (Астана қ.)
· The Ritz-Carlton, Almaty (Алматы қ.)
· Tenir Eco Hotel (Алматы қ.)

Бұдан бөлек, MICHELIN Guide ұсыныстарының жалпы санатына Қазақстанның тағы 9 қонақүйі енді. 

MICHELIN сарапшылары еліміздің жаһандық туризмдегі өсіп келе жатқан тартымдылығын ерекше атап өтті.

«Алғашқы «Мишлен кілті» — бұл үлкен қуаныш әрі саяхатшылар үшін қалыптасқан дәстүрлі бағыттардан тыс аймақтарға көз тастауға жасалған шақыру. Ботсванадағы сафариден бастап Қазақстан елордасындағы сәулет оазисіне дейін — осы бес елдің қонақүйлері сапарға шығуға мүлдем өзгеше себептер ұсынады және инспекторларымыз әдеттегі туристік карталардан тыс жерлерден не тапқанын көрсетеді», - дейді сарапшылар. 

Қазақстандық қонақүйлердің бұл мәртебелі тізімге енуі — елдегі туристік инфрақұрылымды жүйелі дамытып, қызмет көрсету деңгейін арттырудың нәтижесі. Халықаралық деңгейдегі мұндай баға Қазақстанның жоғары сапалы туризм орталығы ретіндегі беделін арттырып, шетелдік туристер үшін тартымдылығын күшейте түседі.