ТЖМ тауға шығатын азаматтарды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажет екенін ескертті, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ең алдымен, маршрутты мұқият жоспарлап, дайындау, көшкін және сел қаупі бар учаскелердің картасымен танысу, ауа райы болжамын тексеру қажет. Тауға шығатыныңызды, маршрутты және қай уақытта оралатыныңызды 112 қызметіне хабарлау керек.
«Жеке тұлғалар өмірге қауіп төндіретін, жетуі қиын жерлерге, су, тау және спелеологиялық нысандарға саяхатқа шықпас бұрын қозғалыс маршруттары туралы ТЖМ аумақтық органына хабарлама нысанында ақпарат береді. Хабарламаны бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметтің 112 телефон нөмірі арқылы немесе аумақтық органның ресми сайтында көрсетілген электрондық пошта мекенжайына жіберуге болады. Хабарламада жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты және байланыс деректері көрсетілуі тиіс», - делінген хабарламада.
Топпен саяхаттаған жағдайда ТЖМ аумақтық органына топ мүшелерінің бірі хабарлайды. Хабарламада топ мүшелерінің саны, олардың деректері мен байланыс нөмірлері, қозғалыс маршруты туралы ақпарат, оның ішінде маршруттың басталу және аяқталу орны, ұзақтығы, болжамды түнеу және демалу орындары көрсетілуі қажет.
«Таудағы сапарға шықпас бұрын маршрутты мұқият зерттеңіз. Оның ұзақтығын, биіктік айырмасын, күрделі учаскелерін және аялдауға болатын орындарын алдын ала анықтаңыз. Қайда баратыныңызды, қашан жолға шығатыныңызды және қай уақытта оралуды жоспарлап отырғаныңызды жақындарыңызға хабарлаңыз. Ауа райы болжамын тексеріңіз. Тауда ауа райы күрт өзгеріп, дауылды жел соғуы мүмкін. Жер бедерімен танысып, өзіңізбен бірге карта, компас, GPS құрылғысын немесе навигатор алыңыз. Әсіресе күрделі әрі биікке көтерілуді қажет ететін маршруттар үшін физикалық тұрғыдан алдын ала дайындалыңыз», - деп ескертті ведомство.
Өзіңізбен бірге алуға қажетті ең аз жабдықтар жиынтығы - тауда жүруге арналған арнайы аяқ киім, қабаттап кию қағидатына сай киімдер: термоішкиім, жылы киім және желден, жаңбырдан қорғайтын күртеше, жеткілікті мөлшерде су мен азық-түлік.
Сондай-ақ алғашқы медициналық көмек қобдишасын - бинт, антисептик, ауырсынуды басатын дәрілер, лейкопластырь және қажетті дәрі-дәрмектерді, бағдар алуға арналған құралдар: карта, компас, навигатор, қуатталған телефон және қосымша қуаттағыш (пауэрбанк), күннен қорғайтын құралдар: көзілдірік, күннен қорғайтын крем және бас киім, қолшам және қосалқы батареяларды, төтенше жағдайда белгі беруге арналған ысқырық немесе сигналдық айнаны есептелген мөлшерден көбірек алған жөн.
Ведомство мәліметінше, тауға шыққанда топтан бөлінбей, бір-біріңізден озып кетпей, бірге қозғалу керек. Күшіңізді үнемдеп, жүктемені біркелкі бөліңіз. Әсіресе бейтаныс жерде белгіленген соқпақтан шықпаған дұрыс, себебі, адасып кету қаупі бар екені ескертілді.
Оқи отырыңыз: ҚазАвтоЖол жүргізушілерге қысқы жолдағы қауіпсіздік ережелерін еске салды.