Электронды келісімшарт шаруаны көбірек сумен қамтуға мүмкіндік берді

Бүгін, 13:50
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Электронды келісімшарт шаруаны көбірек сумен қамтуға мүмкіндік берді
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Биыл суармалы су беру бойынша «Қазсушар» РМК-мен келісімшарт жасасу процесі алғаш рет толықтай цифрлық форматқа көшірілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.

Бұл үшін Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы әзірлеген жаңа биллинг жүйесі енгізілді.

Биллинг жүйесінің іске қосылуы келісімшарт жасасу және құжаттармен жұмыс істеу процесін жеңілдетіп, су пайдаланудың ашықтығын арттырды. Сонымен қатар заңсыз пайдалану тәуекелдерін барынша азайтуға, тұтынушылардың «Қазсушар» РМК алдындағы берешегін қысқартуға және оңтүстік өңірлерде су пайдалану лимиттерінің сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Нәтижесінде Қазақстанның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен 29 283-тен астам электронды келісім жасалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 570 келісімге артық.

«Қазіргі уақытта биллинг жүйесін одан әрі жетілдіру жұмыстары жоспарланып отыр. Сондай-ақ министрлік бұл құралды каналдар арқылы су беру қызметін көрсететін басқа да ұйымдармен келісімшарт жасасу процесіне енгізуді көздеп отыр», - деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов.