Елордада медициналық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған екі ірі жоба іске асырылып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қазір №2 қалалық көпбейінді аурухана жанындағы қабылдау-диагностикалық кешен мен №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасына жапсарлас ғимарат салу және оны реконструкциялау жұмысы аяқталуға жақын. Екінші жоба балаларға шұғыл травматологиялық көмек көрсету жүйесін жетілдіруге бағытталған.
«Жобалар іске асқан соң медициналық мекемелердің науқастарды қабылдау, диагностикалау және шұғыл көмек көрсету мүмкіндігі артады. Сонымен қатар емдеу процесін тиімді ұйымдастыруға қажетті қосымша жағдай жасалады», - делінген хабарламада.
№2 қалалық көпбейінді аурухана жанынан қабылдау-диагностикалық кешен салудағы басты мақсат – аурухананың екі корпусын науқастарды қабылдау, диагностикалау және шұғыл медициналық көмек көрсету жүйесіне біріктіру.
Кешенде заманауи операциялық бөлмелер, реанимация бөлімі, қарқынды терапия палаталары және науқастарды шұғыл тексеру мен емдеуге арналған арнайы кабинеттер қарастырылған.
Медициналық мекемені жоғары технологиялы жабдықтармен қамтамасыз етуге де ерекше көңіл бөлінген. Атап айтқанда, кешен компьютерлік және магниттік-резонанстық томографтармен, сондай-ақ қан тамырларын зерттеуге арналған ангиографпен жабдықталады.
Жобаның негізгі жаңалықтарының бірі – бірыңғай қабылдау бөлімін ашу. Онда науқастардың жағдайының ауырлығына қарай тиісті бөлімдерге жіберілуі ұйымдастырылады.
Жаңа кешен тәулігіне 900-ге тарта науқасты қабылдай алады.
Қазір нысандағы құрылыс жұмысы аяқталуға жақын.
Екінші маңызды жоба – Р. Қошқарбаев даңғылы, 64 мекенжайында орналасқан №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасына жапсарлас ғимарат салу және қолданыстағы нысанды реконструкциялау.
Жоба аясында аурухананың ғимараты кеңейтіліп, балаларды қабылдауға, диагностикалауға және шұғыл көмек көрсетуге арналған қосымша бөлмелер ашылады.
«Негізгі назар балаларға шұғыл травматологиялық көмек көрсететін бөлімдердің жұмысын жетілдіруге аударылған», - деп хабарлады Астана әкімдігі.
Қайта жаңғырту барысында науқастарды қабылдау және олардың жағдайы мен шағымдарының сипатына қарай сұрыптау үшін қосымша орындар қарастырылған.
Жаңа нысандар науқастарды дұрыс бағыттап, алғашқы медициналық тексеру мен диагноз қою жұмысын жақсартуға көмектеседі. Сондай-ақ балаларға, олардың ата-аналарына және медицина қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасалады.
Аталған жобалар ауруханалардың материалдық-техникалық жабдықталуын жақсартып, шұғыл медициналық көмек көрсету мүмкіндігін арттырады. Нәтижесінде елорда тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын жақсарта түсуге мүмкіндік туады.
Еске салсақ, Астанада ағартушы-ұстаз Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл толуына орай «Бірге оқиық» атты ауқымды әдеби іс-шарасы өтті.







