Қазақстан мен Өзбекстан Астана – Ташкент және Алматы – Ташкент бағыттарының әрқайсысы бойынша аптасына рұқсат етілген рейстер санын 60-қа дейін арттыруға келісті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сонымен қатар екі ел арасындағы өзге бағыттар бойынша рұқсат етілген рейстер санын аптасына 14-тен 20-ға дейін ұлғайту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Тиісті келісім Ташкентте өткен «Қытай – Орталық Азия» (C5+1) азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобының конференциясы аясында жасалды.
Екіжақты келіссөздерге Қазақстанның Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева мен Өзбекстан Көлік министрлігі Әуе көлігі басқармасының басшысы Джамолиддин Назаров қатысты.

Тараптар тұрақты әуе қатынасын кеңейту, рейстер жиілігін арттыру және екі елдің ірі қалалары арасындағы әуе тасымалының қолжетімділігін жақсарту мәселелерін талқылады.
Министрліктің мәліметінше, қол жеткізілген келісімдер сұраныс жоғары бағыттарда әуе тасымалының көлемін арттыруға, туристік және іскерлік байланыстарды дамытуға мүмкіндік береді.

Бұған дейін Астана әуежайына бір мың аустралиялық қойдың Boeing-пен әкелінгені хабарланған еді.