Астанада «Арғымақ» ат спорты кешенінде конкурдан балалар, жасөспірімдер мен юниорлар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтіп жатыр. 7-8 қараша, яғни екі күнге жоспарланған жарысқа еліміздің үздік жас шабандоздары қатысып, өзара мықтыны анықтауда, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Жарыстың алғашқы күнінде қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай үш санат бойынша сынға түсті. Атап айтқанда, 12-14 жастағы балалар 100 сантиметрлік, 15-18 жастағы жасөспірімдер 110 сантиметрлік, ал 16-21 жастағы юниорлар 120 сантиметрлік кедергілерден өтті.
Ертең, 8 қарашада жарыс жалғасып, кедергілердің биіктігі артады. Балалар арасында 110 сантиметр, жасөспірімдер арасында 120 сантиметр, юниорлар арасында 130 сантиметрлік маршруттар бойынша сайыс өтеді. Чемпионаттың қорытындысы сол күні сағат 16:00-де өтетін марапаттау рәсімінде жарияланады.
Жарыстың бас төрешісі – Ирина Кнорр (МК1*). Гранд-төрешілер алқасының құрамында Валерий Стародубов пен Алуа Ишеева бар. Ал маршруттарды әзірлеуге курс-дизайнер Тамила Ерқанат жауапты.
Спортты дамыту дирекциясының конкурдан ұлттық құрама командасының аға жаттықтырушысы Азамат Хасеновтің айтуынша, бұл чемпионат жас спортшылар үшін жылдың негізгі іріктеу кезеңі. Жарыстың басты мақсаты тек жеңімпаздарды анықтау емес, сонымен қатар ұлттық құраманың болашақ резервін қалыптастыру.
«Бұл чемпионат – жылдың басты іріктеуі. Біздің мақсатымыз – тек жеңімпазды анықтау емес, болашақ ұлттық құраманың резервін көру. 100-ден 130 см-ге дейінгі күрделі маршруттарды курс-дизайнер Тамила Ерқанат дайындады, бұл балалар үшін нағыз сынақ болады. Осы жарыста мінезін көрсеткендер ертең үлкен ареналарға шығады», – деді Азамат Хасенов.
Айта кетейік, чемпионаттың негізгі мақсаты – ат спортын дамыту, ұлттық құрама мүшелерінің шеберлігін арттыру және болашағынан үміт күттіретін жас спортшыларды анықтау. Жарыс Қарқаралы тасжолы, 1 мекенжайындағы «Арғымақ» ат спорты кешенінде өтуде. Көрермендер үшін кіру тегін.


