Қазақстан құрамасының өкілі Әсем Орынбай Дохада (Қатар) өтіп жатқан стенд атудан әлем чемпионатының финалына шықты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық олимпиадалық комитетке сілтеме жасап.
Қазақстандық спортшы «скит» бағдарламасы бойынша іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, бес раундтың қорытындысы бойынша 125 нысананың 121-ін дәл көздеді.
Мұндай нәтижені бірнеше спортшы көрсеткендіктен, финалға шығатын мергендерді анықтау үшін қосымша ату сайысы өткізілді. Оның қорытындысы бойынша Әсем Орынбай сегізінші орынмен финалға жолдама алды, - деп хабарлады ҰОК.
Іріктеу кезеңінде ең үздік нәтижені Ұлыбритания өкілі Эмбер Раттер көрсетті. Ол 123 нысананы дәл көздеді. Қытайлық Цзян Чаоюй мен франциялық Ноэми Батто 122 ұпайдан жинады.
Аталған бағдарламада Қазақстан атынан тағы екі спортшы өнер көрсетті. Зоя Пискун 117 нысананы дәл көздеп, 17-орынға тұрақтаса, Ольга Хайлова 101 нәтижемен 62-орынға жайғасты.
Еске салсақ, бокстан Қазақстан чемпионатының алғашқы жеңімпаздары анықталды.