Бүгін елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында кураш күресінен XV әлем чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шараға ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин, Халықаралық кураш қауымдастығының вице-президенті Зиёвиддин Ходжиниязов және Қазақстандық кураш қауымдастығының президенті Андрей Боргенс қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
«Бүгінгі чемпионат кураш күресінің халықаралық деңгейде дамуына, әлемге кеңінен танылуына және елдер арасындағы спорттық ынтымақтастықтың нығаюына зор үлес қосады.
Әлемнің 70-тен астам елінен үздік балуандардың қатысуы чемпионаттың жоғары халықаралық мәртебесін айқындайды.
Баршаңызға әділ бәсеке, жоғары спорттық шеберлік пен жарқын жеңістер тілеймін!» – деді Руслан Бақыттыұлы.
Елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырған байрақты бәсекеге әлемнің 70-тен астам елінен 500-ге жуық спортшы жиналды. Қатысушы елдер саны бойынша бұл – кураш тарихындағы рекордтық көрсеткіш.
Жарыстар 16 салмақ дәрежесі бойынша өтуде. Бозкілемде бақ сынап жатқан спортшылар арасында әлем және Азия чемпиондары, Азия ойындарының жеңімпаздары бар.
Кураш күресінен әлем чемпионатының бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы. Сондай-ақ дүбірлі дода ҚР Туризм және спорт министрлігінің, «Sport Qory» спортты қолдау қорының және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтуде.

