Елімізде пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді анықтау, оларды ауыл шаруашылығы айналымына енгізу мақсатында мемлекет меншігіне қайтару бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Министрлікке қарасты Жер ресурстарын басқару комитетінің Қызылорда облысы бойынша жер ресурстарын басқару департаменті жүргізген тексеру жұмыстары нәтижесінде Қазалы ауданында жалпы ауданы 1 571 гектар жер учаскесінің пайдаланылмай отырғаны анықталды.
Осыған байланысты департамент Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қою туралы талап арыз берді.
Сот шешімімен талап қою арызы толық қанағаттандырылып, нәтижесінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мемлекет меншігіне қайтарылды.
«Министрлік пайдаланылмай жатқан және заң талаптарын бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Басты мақсат – жер ресурстарын ұтымды пайдалану, жер учаскелерінің ұзақ уақыт бойы игерусіз жатуына жол бермеу және оларды ауыл шаруашылығы өндірісіне тартуға қажетті жағдай жасау», - делінген хабарламада.
Мемлекет меншігіне қайтарылған жер учаскелері алдағы уақытта жер заңнамасының талаптарына сәйкес тиімді пайдалану үшін қайта беріледі.
Еске салсақ, биыл Қазақстан 2,3 млн тоннаға жуық астықты экспорттады.

