Тоқаев: «Қазақ тілі» қоғамының қызметі - халықтық мүддені көздеген іс

Бүгін, 12:25
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Тоқаев: «Қазақ тілі» қоғамының қызметі - халықтық мүддені көздеген іс
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында іргелі істердің алғы шебінде тұрған Ұйымды қолдау қажет екеніне тоқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап. 

«Қоғам құрамында үш жылдан бері Qazaq Tili Endowment Qory жұмыс істеп тұр. Мен өзім де бұл маңызды бастамаға қолдау көрсеттім.
 
Ел азаматтары да осы игі іске өз үлесін қосуда. Кәсіпкерлеріміз де өз ынтасын көрсетіп, «Қазақ тілі» қоғамына белсенді түрде қаржылай жәрдем беретініне күмәнім жоқ.
 
Тіл – халық қазынасы. Сондықтан Ұйымның бұл қызметін шын мәнінде халықтық мүддені көздеген іс деп айтуға толық негіз бар», - деді Президент.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдіктерге Дала орманы» жобасына қолдау білдіруді тапсырды.

«Осы орайда, Ұйым қолға алған тағы бір маңызды бастаманы атап өткім келеді.
 
Маған кеше «Қазақ тілі» қоғамының басшысы Рауан Кенжеханұлы «Дала орманы» деген жақсы жобаны таныстырды.
 
Бұл ұйым бір жылдың ішінде серіктестерімен бірге 400 гектар жерге 5 миллион тал еккен. Осы жұмыстың нәтижесінде еліміздің үш облысында 4 үлкен орман питомнигі құрылған.
 
Енді оның ауқымын одан әрі кеңейту керек. Әр ауылдың маңынан 25, аудан орталығының қасынан 50, ал үлкен қалалардың маңайынан 100 гектардан көшеттер өсіретін саябақтар ашу жоспарда бар екен.
 
Мен мұны толық қолдаймын. Дұрыс бастама. Үкімет пен әкімдіктер де бұл жұмысқа атсалысуы қажет.
 
Осы жобаның арқасында Қазақстандағы орман алқабын 14,5 миллион гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік туады. Бұл «Қазақ тілі» ұйымының «Таза Қазақстан» жобасына қосқан нақты үлесі болмақ.
 
Қазақтың даласы орманға айналмайды деп кім айтты?! Орманды өсіру де, даланы жайнату да біздің қолымыздан келеді. Сондықтан «Дала орманы» жобасын сапалы жүзеге асыру өте маңызды. Бәріміз қолдайық», - деді ол.