Мемлекеттік қызметші жұмыстан тыс уақытта қандай әдеп нормаларын сақтауы тиіс

Мемлекеттік қызметші жұмыстан тыс уақытта қандай әдеп нормаларын сақтауы тиіс
Фото Бауыржан Балғабековтің жеке мұрағатынан

Мемлекеттік қызметші әдеп нормаларын тек жұмыс барысында ғана емес, қызметтен тыс уақытта да сақтауға міндетті. Оның қоғамдық орындардағы әрекеті, азаматтармен қарым-қатынасы, тіпті әлеуметтік желідегі мінез-құлқы да мемлекеттік қызметтің беделіне әсер етеді. Жалпы әдеп пен қызметтік әдептің айырмашылығы неде? Мемлекеттік қызметшілерге қандай талаптар қойылады және олардың сақталуы қалай бақыланады? Осы және өзге де сұрақтарға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Бауыржан Балғабеков Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында жауап берді.

– Бауыржан Нұрлыбекұлы, алдымен жалпы әдеп пен қызметтік әдептің айырмашылығын түсіндіріп өтсеңіз. Мемлекеттік қызметшіге қандай қосымша талаптар қойылады?

– Ең алдымен, әдеп – адамның тәрбиесін, мәдениетін, адамгершілік қасиеттерін және қоғамдағы мінез-құлқын айқындайтын маңызды құндылық екенін атап өткен жөн.

Жалпы әдеп дегеніміз – адамның күнделікті өмірде өзгелермен қарым-қатынас жасау барысында ұстанатын адамгершілік қағидалары мен мінез-құлық нормалары. Оған үлкенге құрмет көрсету, кішіге ізет білдіру, адалдық, әділдік, сыпайылық, жауапкершілік және өзге адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу жатады.

Ал қызметтік әдеп – адамның кәсіби қызметіне байланысты белгіленген мінез-құлық қағидалары мен талаптарының жиынтығы.

Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексімен реттеледі.

Мысалы, жалпы әдеп тұрғысынан адам кез келген ортада сыпайылық танытып, өзгелерге құрметпен қарауы тиіс. Ал мемлекеттік қызметші үшін бұл қасиеттер қызметтік міндеттерін орындау кезінде қойылатын нақты талаптармен толықтырылады.

Демек, жалпы әдеп пен қызметтік әдеп өзара тығыз байланысты.

Олардың басты айырмашылығы – қызметтік әдеп мемлекеттік өкілеттіктерді жүзеге асыратын тұлғаларға қосымша жауапкершілік жүктейді.

– Елордадағы мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтауын қамтамасыз ету үшін департамент қандай жұмыстар жүргізіп жатыр?

– Мемлекеттік қызметші әдеп нормаларын тек жұмыс орнында немесе қызметтік міндеттерін атқару кезінде ғана емес, жұмыстан тыс уақытта да сақтауы қажет.

Өйткені мемлекеттік қызметші – мемлекеттің өкілі. Оның қоғамдық орындардағы мінез-құлқы, адамдармен қарым-қатынасы және жалпы мәдениеті мемлекеттік қызметтің беделіне әсер етеді.

Мемлекеттік қызметшілер жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануға, қарапайымдылық танытуға, өзінің лауазымдық жағдайын жеке мәселелерін шешу үшін пайдаланбауға және қоғамға жат мінез-құлыққа жол бермеуге тиіс.

Мысалы, мемлекеттік қызметші қоғамдық орындарда өзге азаматтарға дөрекілік көрсетсе, дау-жанжал туғызса немесе қызметтік мәртебесін пайдаланып, өзгелерден ерекше қарым-қатынас талап етсе, мұндай әрекеттер оның жеке беделіне ғана емес, жалпы мемлекеттік қызметтің беделіне де кері әсер етеді.

Сондай-ақ әлеуметтік желілердегі мінез-құлық мәдениетінің де маңызы зор. Бүгінде азаматтардың басым бөлігі ақпаратты әлеуметтік желілер арқылы алады. Сондықтан мемлекеттік қызметші көпшілік алдында пікір білдіргенде немесе әлеуметтік желіде ақпарат жариялағанда жауапкершілік танытып, әдеп талаптарын ескеруі қажет.

Бұл ретте мемлекеттік қызметші де қоғамның толыққанды мүшесі екенін ұмытпауымыз керек. Оның жеке өміріне құқығы бар. Алайда мемлекеттік қызметті атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып саналатындықтан, оның мінез-құлқына жоғары талаптар қойылады.

– Бауыржан Нұрлыбекұлы, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтауын қамтамасыз ету бағытында Департамент қандай жұмыстар жүргізіп жатыр?

– Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауын қамтамасыз ету және әдеп бұзушылықтарының алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Бұл бағытта біздің басты міндетіміз – әдеп нормаларын бұзу фактілеріне ден қоюмен ғана шектелмей, ең алдымен олардың алдын алу және мемлекеттік қызметшілер арасында әдеп мәдениетін арттыру.

Осы мақсатта елорданың мемлекеттік органдарында ақпараттық-түсіндіру кездесулері, семинарлар, тренингтер және дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады.

Аталған іс-шаралар барысында мемлекеттік қызметшілерге Әдеп кодексінің негізгі талаптары, қызметтік және қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық стандарттары, азаматтармен қарым-қатынас жасау мәдениеті, мүдделер қақтығысын болдырмау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтау мәселелері түсіндіріледі.

Сонымен қатар Департамент Астана қаласы әкімдігінің әдеп жөніндегі уәкілімен және өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және адамгершілік құндылықтарын нығайтуға бағытталған іс-шаралар өткізеді.

Бұдан бөлек, Департамент өз құзыреті шегінде мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауын бақылайды, сондай-ақ Әдеп жөніндегі кеңестің жұмысын қамтамасыз етеді.

– Әдеп жөніндегі кеңестің негізгі міндеттері қандай? Онда қандай мәселелер қаралады?

– Әдеп жөніндегі кеңес – мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге, қызметтік әдеп нормаларының бұзылуының алдын алуға және мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды алқалы орган.

Кеңестің негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметте заңдылық пен қызметтік әдеп қағидаттарын нығайту, құқық бұзушылықтардың алдын алу және мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға ықпал ету.

Кеңес өз құзыреті аясында бірқатар міндет атқарады. Атап айтқанда, оның отырыстарында мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнама талаптарының сақталуы, қызметтік әдеп нормаларының бұзылуының алдын алу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау нәтижелері, сондай-ақ жекелеген мемлекеттік қызметшілерге қатысты тәртіптік істер қаралады.

Сонымен қатар Кеңес мемлекеттік органдардағы әдеп жөніндегі уәкілдердің жұмысына қатысты мәселелерді талқылап, қызметтік тәртіпті нығайту және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында тиісті ұсынымдар әзірлейді.

Мәселен, биылғы 14 қазанда Департамент жанындағы Әдеп жөніндегі кеңестің биылғы бесінші отырысы өтті. Отырыс барысында мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарының сақталуына және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға қатысты бірқатар өзекті мәселе қаралды.

Атап айтқанда, Астана қаласының Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінде мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптары мен мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі нормаларының сақталуы бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижелері тыңдалды.

Сонымен қатар Астана қаласы әкімдігінің «Elorda Eco System» ШЖҚ МКК қызметіне жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау нәтижелері талқыланды.

Отырыс қорытындысы бойынша қаралған мәселелерге қатысты тиісті шешімдер қабылданып, мемлекеттік органдар мен ұйымдарға қызметтік әдеп нормаларын сақтау, қызметтік тәртіпті нығайту және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу жұмыстарын күшейту жөнінде ұсынымдар берілді.

Сондықтан Кеңестің жұмысында алдын алу шараларына, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыруға және қызметтік әдеп мәдениетін қалыптастыруға ерекше мән беріледі.

– Мемлекеттік қызметшілердің әдеп мәдениеті азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сеніміне қалай әсер етеді?

– Мемлекеттік қызметтің тиімділігі халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімімен тығыз байланысты.

Мемлекеттік қызметші өз міндетін адал атқарып, азаматтарға құрметпен қарап, әділ шешім қабылдаса, азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімі нығаяды.

Ал сенім бір күнде пайда болатын құндылық емес. Ол күнделікті жауапты еңбек, ашықтық, әділдік және азаматтармен дұрыс қарым-қатынас арқылы қалыптасады.

Сондықтан мемлекеттік қызметшілердің әдеп мәдениетін арттыру – мемлекеттік аппараттың кәсібилігін жетілдірудің және оның қоғам алдындағы беделін нығайтудың маңызды бағыттарының бірі.

Әрбір мемлекеттік қызметші өзінің әрекеті арқылы тек жеке басының ғана емес, өзі қызмет ететін мемлекеттік органның да абыройына әсер ететінін түсінуі қажет.

Қызметтік әдеп нормаларын сақтау мемлекеттік қызметшінің кәсіби міндеті ғана емес, оның азаматтық жауапкершілігі мен адамгершілік ұстанымының көрінісі деп есептеймін.

Мемлекеттік қызметтің шынайы беделі лауазыммен емес, халыққа адал қызмет етумен, әділ шешімдермен және жоғары әдеп мәдениетімен қалыптасады.

– Сұхбатыңызға рақмет.