Үкімет отырысында жеке тұрғын үй секторында және қоғамдық тамақтану орындарында тұрмыстық газ баллонын қауіпсіз пайдалану мәселесіне ерекше назар аударылды. Осы бағытта қабылданған жатқан шаралар туралы Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов баяндады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрлің айтуынша, баллонды пайдалану, сақтау және толтыру талаптарын бұзу ауыр зардапты өрт пен жарылыс қаупін арттырады.
«Осы қауіпті азайту мақсатында әкімдіктер жанындағы газ-техникалық инспекциялардың газ тұтыну жүйелері мен жабдықтарын қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуына бақылауын күшейту қажет», - деді ол.
Қазіргі уақытта Көкшетау қаласында болат газ баллонын өндіретін зауыт жұмыс істейді, бүгінде 500 дана баллон шығарылды. Қосымша Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Атырау және Алматы қалаларында композит баллон өндірісін іске қосу мәселесін пысықтап жатыр.
Энергетика министрлігі газ баллондарын таңбалау және есепке алу жүйесін енгізу мәселесін қарастыруда. Бұл олардың айналымы мен техникалық жай-күйін бақылауға мүмкіндік береді.
Айта кетерлігі, елімізде газ баллонын таңбалау бойынша пилоттық жоба іске қосылды.
Еске сала кетсек, отырыста Премьер-министр энергетика және ТКШ саласындағы маман тапшылығын шешуді тапсырды.