Әсем Орынбай: 2028 жылғы жазғы Олимпиаданың алғашқы лицензиясын жеңіп алу – үлкен бақыт

Әсем Орынбай: 2028 жылғы жазғы Олимпиаданың алғашқы лицензиясын жеңіп алу – үлкен бақыт
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Стенд атудан Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшыларының бірі Әсем Орынбай Қатар астанасы Дохада өтіп жатқан әлем чемпионатында ел қоржынына 2028 жылғы жазғы Олимпиада ойындарының алғашқы лицензиясын салды. Осы орайда Elordainfo.kz тілшісі спортшымен хабарласып, тарихи жетістікке қол жеткізген сәттегі әсері мен 2026 жылғы маусымның қорытындысы туралы сұхбаттасты.

- 2028 жылғы жазғы Олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алған алғашқы отандық спортшы атандыңыз. Сол сәтте қандай әсерде болдыңыз?

- 3-15 қараша аралығында Қатар астанасы Дохада өтіп жатқан әлем чемпионатына Олимпиада лицензиясын жеңіп алу мақсатымен барған едім. Ол үшін скит жаттығуында үздік бес спортшының қатарына ену қажет болды. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 70 мергеннің арасынан үздіктер қатарынан көріну оңай емес. Іріктеу кезеңінің өзінде үздік сегіздікке ену үшін, 125 нысананың 121-іне дәл тигізуге тура келді.

Әрине, жүлдеге қол жеткізе алмағаныма қынжыламын. Әйтсе де Қазақстан атынан алғашқы болып, Олимпиада лицензиясын жеңіп алу – үлкен бақыт. Себебі, финалға шыққан сегіз спортшының арасында Рио және Париж Олимпиадасының чемпионы Диана Бакози (Италия) мен Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Эмбер Раттер (Ұлыбритания) 7-8-орындарға тұрақтап, алғашқы мүмкіндіктерінде Олимпиада лицензиясын жеңіп ала алмады.

- 2026 жылы сіз командалық сайыста Азия чемпионы атандыңыз, Алматыда әлем кубогының кезеңінде топ жардыңыз. Жазғы Азия ойындарында да күміс пен қола жүлдеге ие болдыңыз. Жалпы сіз үшін осы маусым табысты болды деуге келе ме?

- Биылғы жыл мен үшін табысты болды. Отбасын құрып, біршама үзілістен кейін үлкен спортқа қайта оралдым. Алға қойған көптеген мақсатыма қол жеткіздім. Мансабымда екінші мәрте командалық сайыста Азия чемпионы атандым.

Әрине, биылғы басты мақсатым – Азия ойындары мен әлем чемпионатында жоғары нәтиже көрсету еді. Бұл жарыстарда да жоспарларым жүзеге асты.

Бірақ мен үшін маусым әлі аяқталған жоқ. 2026 жылғы әлем кубогының төрт кезеңінің қорытындысы бойынша, үздік 12 спортшы 3-8 желтоқсан аралығында Римде (Италия) өтетін финалдық бәсекеде сынға түседі. Мен де сол жарысқа қатысамын. Енді соған дайындаламын.

- Олимпиада жолдамасын ерте жеңіп алу алдағы екі жылдағы дайындық жоспарыңызға қалай әсер етеді?

- Мен бұған дейін Токио және Париж Олимпиадаларына қатыстым. Бірақ бұл жолғы лицензияның орны бөлек. Өйткені 2024 жылы Париж Олимпиадасына жолдаманы жарыстың басталуына небәрі екі ай қалғанда ғана әлемдік рейтингтегі орныма байланысты алған едім.

Ал бұл жолы Олимпиадаға екі жыл қалғанда лицензияға қол жеткіздім. Енді асықпай, тыңғылықты дайындалуға мүмкіндігім бар.

- Сұхбатыңызға рахмет!