Header Banner

Энергетика министрі: Жылыту маусымына дайындық барысында электр стансаларындағы 49 қазандық жөнделді

Энергетика министрі: Жылыту маусымына дайындық барысында электр стансаларындағы 49 қазандық жөнделді
Фото: primeminister.kz

Қазақстанда жылыту маусымы штаттық режімде өтіп жатыр. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отрысында  энергетикалық инфрақұрылымның күзгі-қысқы кезеңнен өтуге дайындығы туралы баяндамасында осылай мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, тұтынушылар электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етілген.

Жылыту маусымына дайындық аясында еліміздің электр стансаларында 8 энергоблок, 49 қазандық және 37 турбинаға жөндеу жұмыстары аяқталды. Өңірлік электр желілерінде 17,1 мың шақырым электр беру желілері мен 444 қосалқы станса жөнделді. Сондай-ақ 377 шақырым жылу желісіндегі жұмыс толығымен аяқталды. Технологиялық кемшіліктер нормативтік мерзімде жойылады.

«Аталған жөндеу жұмысын қаржыландыру көлемі орта есеппен 27%-ға  ұлғайтылғанын атап өткен жөн.  Нәтижесінде электр стансаларының тозу деңгейі 52%-ға дейін, электр және жылу желілерінің тозу деңгейі тиісінше 65,7% және 48%-ға дейін төмендеді. Сондай-ақ өткен жылмен салыстырғанда технологиялық бұзушылықтар саны орта есеппен 6%-ға азайды», - деп атап өтті министр.

Бұдан бөлек, 10 айда электр энергиясын өндіру көлемі 102 млрд кВт·сағатқа жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 2,3%-ға жоғары.