eGov Mobile қосымшасындағы «Әл-ауқатты бағалау калькуляторы» жәрдемақы алушыларға отбасының әлеуметтік жағдайын алдын ала бағалауға мүмкіндік береді. Алайда оның нәтижесі жәрдемақының тағайындалуына, мөлшерінің өзгеруіне немесе төлемнің тоқтатылуына әсер етпейді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрлік мәліметінше, калькулятор тек жәрдемақы алушыларға қолжетімді және қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жұмыс істейді. Пайдаланушылар енгізілген ақпаратты тексеру немесе есептеуді қайта жүргізу үшін сервисті бірнеше рет қолдана алады.
Калькулятор қалай жұмыс істейді?
eGov Mobile қосымшасына кіргеннен кейін пайдаланушы туралы кейбір мәлімет мемлекеттік дерекқорлардан автоматты түрде жүктеледі. Олардың қатарында азаматтың жынысы мен жасы, атына тіркелген жеңіл және коммерциялық көлік құралдары, ауыл шаруашылығы техникасы, жылжымайтын мүлік, жер учаскелері және кәсіпкерлік қызметке қатысуы туралы ақпарат бар.
Бұл деректерді қайта енгізудің қажеті жоқ. Тек олардың дұрыстығы мен өзектілігін тексеру жеткілікті.
Ал қалған ақпаратты пайдаланушы өзі толтырады. Атап айтқанда, бірге тұратын отбасы мүшелері, олардың жұмыспен қамтылуы, мүгедектігі немесе созылмалы ауруларының болуы, несиелері мен мүлкі туралы мәліметтер көрсетіледі.
Тұрғын үй, автокөлік және жер учаскелері туралы ақпарат отбасының әр мүшесі бойынша жеке енгізіледі. Ал сыйақылар мен үстемеақыларды қоса есептегендегі отбасының орташа айлық табысы бір жалпы сомамен көрсетіледі.
Енгізілген мәліметтер қате болса не істеу керек?
Есептеу нәтижесі ұсынылған ақпараттың толықтығы мен дұрыстығына байланысты. Егер отбасы мүшелерінің бірі көрсетілмесе немесе табыс пен мүлік туралы мәліметтер толық енгізілмесе, алдын ала бағалау нақты жағдайға сәйкес келмеуі мүмкін.
Егер калькуляторда бұрын сатылған автокөлік немесе өзектілігін жоғалтқан басқа мүлік көрсетілсе, мәліметтерді сервистің өзінде түзетуге болады.
Алайда мұндай өзгерістер тек алдын ала есептеу үшін қолданылады және мемлекеттік дерекқорлардағы ресми ақпаратты өзгертпейді.
Ресми мәліметтерді түзету үшін eGov.kz порталы немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы уәкілетті органға не тұрғылықты жері бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаментіне жүгіну қажет.
Калькулятор нәтижесі жәрдемақыға әсер ете ме?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі калькулятордың тек ақпараттық-анықтамалық сипатқа ие екенін атап өтті.
Ондағы алдын ала нәтиже жәрдемақының тағайындалатынын, мөлшері өзгеретінін немесе төлемнің тоқтатылатынын білдірмейді.
Есептеу аяқталғаннан кейін пайдаланушы нәтижемен танысып, оған келісетінін немесе келіспейтінін білдіре алады. Сондай-ақ сервистің жұмысына бес балдық шкала бойынша баға беріп, пікір қалдыру мүмкіндігі бар.
Нәтижеге келісу немесе келіспеу, пікір қалдыру және калькуляторды пайдалану жәрдемақыны тағайындауға, оның мөлшеріне немесе төлемнің жалғасуына ешқандай әсер етпейді.
Сондай-ақ калькуляторды пайдалану жәрдемақыдан бас тарту туралы өтініш болып саналмайды және төлемді тоқтатуға немесе уақытша тоқтата тұруға негіз бола алмайды.
Министрлік тұрғындарға ескерту жасады
Ведомство әлеуметтік желілерде таралып жүрген бейресми әл-ауқатты бағалау калькуляторларын пайдаланбауға кеңес береді. Өйткені олар ресми сервистер қатарына жатпайды және ондағы ақпарат шынайы болмауы мүмкін.
Дұрыс нәтиже алу үшін тек eGov Mobile қосымшасындағы ресми «Әл-ауқат калькуляторын» пайдалану ұсынылады.
Министрлік әлеуметтік қолдау шараларын тағайындаудың заңнамада белгіленген тәртібі өзгермейтінін атап өтті.
Бұған дейін цифрлық отбасы картасы қазақстандықтардың табысын, мүлкін, көлігін және несие міндеттемелерін ескеріп, отбасыларды әлеуметтік әл-ауқатына қарай бес санатқа бөлетіні хабарланған еді.