Тұтынушылардың құқығы: қазақстандықтарға 2 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылды

Бүгін, 16:14
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Тұтынушылардың құқығы: қазақстандықтарға 2 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылды
Фото: freepik.com

Биылғы жылдың 9 айында Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті азаматтардың 2,17 млрд теңгеден астам қаражатын қайтаруға көмектесті. Осы уақыт ішінде Комитет пен оның аумақтық департаменттеріне 72 мыңнан астам өтініш түскен, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап. 

Ведомствоның мәліметінше, оның басым бөлігі  31 186 өтініш (42,9%) бөлшек саудаға, 12 264 (16,9%) электрондық саудаға, ал 7 065 (9,7%)  тұрмыстық қызмет көрсету саласына  қатысты болды.

«Комитеттің көмегімен 23 мыңнан астам өтініш аясында тұтынушылардың талаптары қанағаттандырылды. Тағы 26 мың өтініш бойынша азаматтарға құқықтық көмек көрсетілді. Ең көп қаражат Алматы, Астана және Шымкент қалаларында қайтарылған.

Сонымен қатар, қоғам назарына іліккен 107 іс қаралып, 365 тұтынушының шамамен 1,03 млрд теңге көлеміндегі мүліктік құқықтары қорғалды», - деліәнген хабарламада. 

Министрлік азаматтардың өтініштерін қараумен қатар, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заң талаптарының сақталуына бақылауды күшейтуде - жыл басынан бері 1 347 жоспардан тыс тексеру жүргізілді.  Бұл өткен жылмен салыстырғанда 42,2%-ға көп. Тексерулер нәтижесінде 1 836 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 54,3 млн теңге айыппұл салынды.