Түркістан облысы Шардара қаласында тағы 10 отбасы баспаналы болып, көптен күткен қуанышқа кенелді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров тұрғын үйлердің кілтін иелеріне табыстап, шардаралықтарды қоныстоймен құттықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың тұрмыс сапасын арттыруды, азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуді – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде айқындап келеді. Осы міндеттерді жүзеге асыру аясында өңірімізде тұрғын үй құрылысы жүйелі түрде жүргізіліп, азаматтардың баспана мәселесін шешуге басымдық берілуде. Биыл облыс көлемінде ауданы 175 мың шаршы метрден астам 102 тұрғын үй салынып жатыр. Осылайша, жыл соңына дейін 3000-нан астам пәтер пайдалануға беріледі. Міне, осы жылы да айтулы жұмыстар жалғасын тауып, тұрғын үй кезегінде тұрған 10 отбасыға жаңа пәтер кілттерін табыстағалы отырмыз, – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Үйлі болған тұрғындар осындай қуанышты сәтті сыйлаған Президентке, облыс, аудан әкімдеріне шынайы ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты.
Кілт табыстау рәсімінен кейін облыс әкімі шаңырақ иелерімен бірге пәтерлерді аралады.

Жалға берілетін тұрғын үйлер жергілікті бюджет есебінен сатып алынған.
Жаңа баспаналар кезек реттілігіне сәйкес әлеуметтік осал топтағы азаматтарға берілді.
Еске салайық, бұған дейін Макинск қаласында 20 отбасына жаңа пәтерлердің кілті табысталғаны туралы жаздық.