186 мыңнан астам адам бір мезетте кітап оқыды: Астанада ерекше акция өтті

Бүгін, 17:31
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
186 мыңнан астам адам бір мезетте кітап оқыды: Астанада ерекше акция өтті
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада ағартушы-ұстаз Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл толуына орай «Бірге оқиық» атты ауқымды әдеби іс-шарасы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жиынға елорданың білім беру ұйымдарының мұғалімдері мен оқушылары, сондай-ақ қала кітапханаларының оқырмандары қатысты. Олар Ыбырай Алтынсариннің «Таза бұлақ», «Бай баласы мен жарлы баласы», «Қыпшақ Сейітқұл» шығармаларын бір мезетте оқыды.

«Биыл ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығы атап өтіліп жатыр. Ол бүкіл өмірін ағартушылыққа арнап, кітап оқуды, білім алуды насихаттады. Өзінің «Кел, балалар, оқылық» деген сөзі де баршаға белгілі. Мектеп ашып, қазақ балаларын, қазақ жастарын кітап оқуға шақырды. Сол сияқты осы жылы елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен басталған «Кітап оқу» марафоны да әсіресе, жастарды, мектеп оқушыларын кітап оқу дәстүрін жаңғыртуға бағытталды.

Қазіргі таңда оған еліміздің әр қаласы, әр ауданы, әр ауылы қатысып жатыр. Марафон 6 айға созылады. Осы уақыт ішінде кітап оқып, жаңа дағды қалыптастыруға мүмкіндіктер туады. Соған қолдау көрсетіп, қатысып жатқан әр қатысушыға алғыс айтамыз. Бұл марафонда жеңілгендер болмайды. Әр қатысушы өзіне пайдалы жаңа әдет алатын болады. Марафон аясында осындай әртүрлі іс-шаралардың өтуі және Ыбырай Алтынсаринге арналған жиындар кітап оқу дәстүрін жаңғыртуға септеседі. Мемлекет басшысы зерделі ұлт болуымызға шақырды. Дамыған мемлекеттердің қатарына ену үшін әр азаматтың бойында кітап оқу дағдысы болуы керек. Көшбасшы мемлекеттердің қатарында болғымыз келсе, осыны қалыптастыру қажет», - деді «Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сақошев.

«Бірге оқиық» әдеби іс-шарасы аясында оқылған Ыбырай Алтынсариннің 3 туындысының да өзінің айтар ойы бар. Атап айтқанда, «Таза бұлақ» адамгершілік пен рухани тазалыққа, «Бай баласы мен жарлы баласы» тапқырлыққа, «Қыпшақ Сейітқұл» адал еңбек пен ұжымдық жауапкершілікке үндейді. «Кітап оқу» марафонына ұсынылған кітаптардың да тәрбиелік мәні зор. Мәселен, іс-шараға қатысқан елорданың құрылыс-техникалық колледжінің студенті Нұрсәулет Төлеген марафон аясында әзірге 6 кітапты оқып бітіргенін, соның ішінде «Хатико» кітабынан адамның өзіне сенімді болу, сатқындыққа төтеп беру қабілеті зор екенін түйгенін айтты. Шара аясында кітап оқудың маңызы туралы да айтылып, марапаттау салтанаты ұйымдастырылды.

Айта кетейік, әдеби іс-шара тікелей эфирде өтіп, оған 180 мыңнан астам адам қатысты. Ал Астанадан 25 мыңнан астам адам тамашалады.