Медициналық ұйым басшыларын аттестаттау: Астанада барлық қатысушы сынақтан өтті

Медициналық ұйым басшыларын аттестаттау: Астанада барлық қатысушы сынақтан өтті
Фото: ЖИ көмегімен жасалған иллюстрация

Астанада медициналық ұйым басшылары мен олардың орынбасарларын аттестаттаудың алғашқы кезеңіне қатысқандардың барлығы тестілеуден сәтті өтті. Ал республика бойынша 47 адам немесе қатысушылардың 20%-ы қажетті балл жинай алмаған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрлік мәліметінше, 2026 жылғы 2 қарашадағы жағдай бойынша тестілеуге еліміздің 15 өңірінен 235 адам қатысқан. Бұл аттестаттаудан өтуге тиіс мамандардың 72,1%-ын құрайды.

Алдын ала қорытынды бойынша 188 қатысушы (80%) тестілеуден сәтті өтсе, 47 адам (20%) қажетті балл жинай алмаған. Олардың 25-і – медициналық ұйым басшысы, 22-сі – басшының орынбасары. Тағы 27 адам тестілеуге келмеген.

Теріс нәтиже көрсеткендердің басым бөлігі Ақмола, Маңғыстау және Қостанай облыстарына тиесілі. Аталған үш өңірде өту балын жинай алмағандардың 55,3%-ы тіркелген.

Ал Астана қаласы мен Павлодар облысында тестілеуге қатысқандардың барлығы оң нәтиже көрсеткен.

Аттестаттау перзентханалар, балалар стационарлары және жедел медициналық жәрдем станцияларының басшылары мен олардың орынбасарларына ғана қатысты жүргізіледі.

Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, тестілеуден өте алмағандар аттестаттаудың келесі кезеңі – сұхбаттасуға жіберілмейді. Олар алты айдан кейін қайта аттестаттаудан өтуге тиіс.

Денсаулық сақтау министрлігі бұл көрсеткіштердің түпкілікті қорытынды емес, аттестаттаудың бірінші кезеңіндегі аралық нәтижелер екенін атап өтті. Тестілеу 2026 жылғы желтоқсан айының соңына дейін жалғасады.

Астанада медицина мамандығы бойынша біліп алып жатқан студенттерді волонтерлік қызметке тартуға бағытталған «Jurekke Shipa: білім мен ізгілік көпірі» жобасының аяқталғанын жаздық.