ҚазАвтоЖол жүргізушілерге қысқы жолдағы қауіпсіздік ережелерін еске салды

6 қараша, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
ҚазАвтоЖол жүргізушілерге қысқы жолдағы қауіпсіздік ережелерін еске салды
Фото: ҚазАвтоЖол

Қыс мезгілінің жақындауына байланысты Қазақстан жолдарында көктайғақ қаупі артып келеді. Ауа райының құбылмалы болуы, алғашқы қар мен температураның күрт өзгеруі жүргізушілерден жолда барынша сақ болуды талап етеді. Осыған орай «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ автокөлік иелеріне бірқатар кеңес берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Компания мамандарының айтуынша, қысқы маусымға көлікті алдын ала дайындау жол-көлік оқиғаларының алдын алуға көмектеседі. Атап айтқанда, жүргізушілерге көліктің жазғы дөңгелектерін қысқы шинаға ауыстыру, тежегіш жүйесін, жарық құрылғылары мен аккумулятордың жағдайын тексеру ұсынылады.

Сонымен қатар қысқы отынды пайдаланып, антифриз деңгейін бақылау маңызды.

Жолда қауіпсіздікті сақтау үшін жүргізушілерге жылдамдықты азайту, көліктер арасындағы қауіпсіз арақашықтықты сақтау, кенеттен бұрылу мен асығыс маневрлерден бас тарту қажеттігі ескертілді.

«Қыс мезгілінде жолдағы әрбір әрекет пен қабылданған шешім қауіпсіздікке тікелей әсер етеді. Сондықтан өзіңіздің және өзге жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қараңыз», – деп ескертті компания.

Сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» жол қызметтері тәулік бойы жұмыс істейтінін хабарлады. Жол жағдайына қатысты ақпарат алу немесе көмекке жүгіну үшін 1403 бірыңғай байланыс орталығына хабарласуға болады.

Еске салсақ, Астанада Абылай хан даңғылындағы автобус жолағының қолданылу тәртібі өзгереді.