Астанада тұрғын үйлер мен басқа да нысандардан шығатын ағынды су бірнеше кезеңнен тұратын тазарту процесінен өтеді. Ал толық тазартылған су Есіл өзеніне жіберіледі. Бұл туралы «Астана су арнасы» кәсіпорнының мамандары мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Кәсіпорын мәліметінше, елордадағы кәріз желілерінің жалпы ұзындығы 1 439 шақырымнан асады. Қалада 289 кәріздік сорғы станциясы жұмыс істейді.
Тұрғын үйлерден шыққан ағынды су алдымен көшелік кәріз желілері мен коллекторларға, одан әрі сорғы станциялары арқылы тазартуға жеткізіледі.
Мұнда су төрт негізгі кезеңнен өтеді. Алдымен механикалық жолмен қоқыс, құм және басқа да ірі қалдықтардан тазартылады. Кейін микроорганизмдердің көмегімен органикалық ластаушы заттар жойылады. Одан соң қосымша тазарту жүргізіліп, соңғы кезеңде су ультракүлгін сәулемен залалсыздандырылады.
«Астана су арнасының» мәліметінше, ағынды суды толық тазарту процесі оның көлеміне байланысты шамамен 10-16 сағатқа созылады.
Тазартылған судың сапасы күн сайын зертханада тексеріледі. Мамандар оның құрамындағы қалқыма заттарды, аммоний азотын, фосфаттарды және басқа да көрсеткіштерді бақылайды.
Барлық кезеңнен өткен су арнайы сорғы станциясы арқылы Есіл өзеніне айдалады.
Кәсіпорын тазартылған ағынды суды өндірісте, құрылыс саласында, жасыл желектерді суаруға және өзге де техникалық қажеттіліктерге қайта пайдалануға болатынын да атап өтті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Астанада кәріз суын тазартатын жаңа нысандар салынатынын жазған едік.