Header Banner

Сәбилі болғанын атап өткен: Түнде отшашу атқан елордалық бес күнге қамалды

Сәбилі болғанын атап өткен: Түнде отшашу атқан елордалық бес күнге қамалды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада түнгі отшашу ұйымдастырған тұрғын жауапқа тартылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Police.kz-ке сілтеме жасап.

Полиция департаментінің мәліметінше, қалада қоғамдық тәртіпті бұзуға қатысты, оның ішінде түнгі уақытта пиротехника пайдалану фактісін анықтау және жолын кесу бағытындағы жұмыс жалғасып жатыр.

Елордада 35 жастағы ер адам сәби дүниеге келуін атап өту мақсатында тұрғын үйлердің арасындағы аумақта отшашу ұйымдастырған. Мерекелік шара барысында пиротехника жарылысынан шыққан қатты дыбыс тұрғындардың тыныштығын бұзған.

Аталған азаматқа қатысты ұсақ бұзақылық және тыныштықты бұзу фактілері бойынша заң аясында шара қабылданды. Сот шешімімен оған бес тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза тағайындалды.

Полиция пиротехникалық бұйымды пайдалану кезінде қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзу заңда белгіленген жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.

Еске салсақ, Астанада отшашу арқылы тыныштықты бұзған екі ер адам 5 тәулікке қамалды.