26 қазаннан бастап еліміздің барлық өңірі бойынша вакцинация туралы SMS-хабарламалар жіберу функциясы енгізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне сілтеме жасап.
Енді вакцинация туралы мәліметтер «Вакцинация» модуліне тіркелген азаматқа немесе баланың заңды өкіліне вакцинаның түрі мен вакцинация жүргізілген күні көрсетілген SMS-хабарлама автоматты түрде жіберіледі.
«Жаңа сервис вакцинация есебінің ашықтығын арттыруға, екпе туралы мәліметтердің дұрыстығын қамтамасыз етуге және халықпен кері байланысты нығайтуға бағытталған», - делінген хабарламада.
Ақпаратты растау үшін азаматтарға келіп түскен SMS-хабарламаға төмендегі екі нұсқаның бірімен жауап беру ұсынылады:
- «811» («Иә») — егер вакцинация шынымен жүргізілген болса;
«812» («Жоқ») — егер екпе жүргізілмеген болса.
Жауапты 1414 қысқа нөміріне жіберу қажет.
Егер SMS-хабарламадағы ақпарат шындыққа сәйкес келмесе, азамат бұл туралы жауап хабарламасы арқылы хабарлай алады. Бұл нақты жүргізілген вакцинация мен медициналық ақпараттық жүйеге енгізілген мәліметтер арасындағы ықтимал сәйкессіздіктерді уақтылы анықтауға мүмкіндік береді.
Вакцинация туралы қосымша ақпаратты eGov Mobile мобильді қосымшасынан алуға болады.
Еске салсақ, Қазақстанда дәрі-дәрмектің заңсыз сатылуына бақылау күшейтілетінін жаздық.