Header Banner

Астана – Теміртау тасжолында жүргізушілерге жедел көмек көрсету қызметі іске қосылды

Астана – Теміртау тасжолында жүргізушілерге жедел көмек көрсету қызметі іске қосылды
Фото: ОКҚ

Астана – Теміртау ақылы тасжолында жүргізушілерге жедел техникалық көмек көрсету қызметі пилоттық режимде іске қосылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Жаңа қызмет аясында жолды патрульдеу және қиын жағдайға тап болған жүргізушілерге техникалық көмек көрсету үшін арнайы жабдықталған екі автокөлік бөлінген.

Дархан Иманашевтің айтуынша, жоба іске қосылғалы бері 162 жүргізушіге көмек көрсетілген.

«Бұл қызметтің қыс мезгіліндегі маңызы ерекше. Өйткені қатты аязда көліктің бұзылуы немесе жолда амалсыз тоқтап қалуы адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайда жүргізушілерге дер кезінде көмек көрсету аса маңызды», – деді ол.

Сонымен қатар еліміздегі республикалық маңызы бар автожолдардың бойында сервистік инфрақұрылым кеңейіп келеді.

Қазіргі уақытта республикалық жолдарда 1429 қызмет көрсету нысаны жұмыс істейді. Биыл тағы 26 жаңа нысан пайдалануға берілген. Оның 22-сі – жанармай құю бекеті, төртеуі – тамақтану орны.

Мұндай нысандардың маңызы, әсіресе, қыс мезгілінде арта түседі.

Бұған дейін ЕАЭО елдерінде жүк тасымалдауға қойылатын талаптар күшейтілгені хабарланған еді.